Қызылорда облыстық қазақ-түрік лицей-интернатында облыстық білім басқармасының қолдауымен ҮІІ республикалық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының облыстық туры болып өтті.
Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және дамыту, облыстың түкпір-түкпіріндегі талантты, дарынды, білімді балаларды анықтап, оларға қолдау көрсету мақсатын көздеген «Жарқын болашақ» олимпиадасының бұл кезеңіне аудандық, қалалық олимпиадалардан іріктелген 70-ке жуық оқушы қатысты.
Олимпиадаға жоғары және орта арнаулы оқу орындарының және облыстық оқу орталығының білікті мамандары қазылық жасап, облыс намысын қорғайтын 5 оқушыны анықтап, жүлделі І орынға лайық деп тапты. Олар: «Тілші-әдебиетшілер» бағыты бойынша №10 дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушысы Батыр Гүлзира, «Жас ғалымдар» бағыты бойынша , «Жазушылар» бағыты бойынша, «Сөз шеберлері» бағыты бойынша, «Әнші-бұлбұлдар» бағыты бойынша №10 дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің 7-сынып оқушысы Мейрамбек Құралай.
Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса, қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы ана тіліміздің мерейін үстем етіп, абыройын асқақтатқан, ұлттымыздың жаны мен ары, намысы мен нәрі – қазақ тілін ту етіп көтеріп, алға ұстаса - айбары, бетке ұстаса – беделі етіп жүрген жеңімпаздарымызға республикалық олимпиадада сәттілік тілеп, Сыр елінің үмітін ақтауға сенім білдіреміз.
№10 Қызылорда қыздар лицейі
2015 жылдың 6 ақпанында Қызылорда облыстық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы 8-11 сынып оқушылары арасында «Ақберен» республикалық байқауының II кезеңін өткізді.
Жас дарындар арасынан шығармашылық қабілеті жоғары, тапқыр да талантты, жан-жақты өнерлі балаларды іздеп табу, кәсіби бағдар беру, табиғи танымдық қабілеттерін айқындау байқаудың басты мақсаты болды. Осы мақсат негізінде байқау номинациялары 6 бағытта қарастырылды. Сайысқа қалалық, облыстық мектептердің талантты, өнерлі, көркемсөз шеберлері қатысты. Сол талантты сөз шеберлерінің арасынан суырылып, №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Сәбитбек Айдана «Шешендік өнер» бағыты бойынша өзінің сөз саптау мәнерімен айрықша көзге түсіп, жүлделі III орынды иеленді. Сәбитбек Айдананы жеңісімен құттықтаймыз!
№10 Қызылорда қыздар лицейі
Қазіргі кезде егемен елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр. Себебі білім беру парадигмасы өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болуда. Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі маңызды мәселелердің бірі болып отыр.
Ұрпақтың ұлықтығы ұстаздың ұлағатымен өлшенеді. Себебі білім сапасы мұғалімдер қызметінің жаңашылдығына тікелей байланысты. Оны А.Байтұрсыновтың: «Мұғалім қандай болса, мектеп те сондай болмақшы»,-деген сөзінен де аңғаруға болады.
Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына кіру стратегиясын қолдау - барша ұстаздардың міндеті екені де анық. Өзекті мәселе – жас ұрпақтың Елбасы бастаған көш-керуенге кідіріссіз ілесуіне жағдай жасау. Ілесе алмаса – бізге сын. Халқымыздың тағдыры – жас ұрпақтың қолында. Оларды жігерлендіру, жаңа бағыт, үлкен серпін әкелу-ұстаздар қауымына жүктеледі.
Сондықтан әр педогог әрбір баланың ойынан шығып, қажеттілігін қанағаттандыра білуге дайын болуы тиіс. Оқушының рухани өсуіне жағдай туғыза алатын, жаңалықтарды қабылдауға даяр, өз әрекетіне өзгеріс енгізе алатын ұстаз ғана бүгінгі қоғамның мүддесінен шыға алады. Ойы жүйрік, саналы, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны тек қана жаңа тұрпатты педагог қалыптастыра алады. Өйткені жақсы мұғалім жақсы оқушыларды жасайды.
Еліміздің білім беру жүйесін жетілдіруде көзделіп отырған мақсаттардың ең негізгісі – әрбір жеке тұлғаға білім алудың өмірлік жолын еркін таңдауына мүмкіндік туғызу. Сындарлы ойлайтын, өз мүмкіндіктеріне сенімді, әр түрлі әлеуметтік және өндірістік проблемаларды өз бетінше шешуге қабілетті тұлғаны дайындау үшін оқытудың сапасын жетілдіру аса маңызды мәселе болып табылады. Осы мақсатта білім негіздерін өз еркімен үйренетін, іс-әрекет мақсатын, міндетін, түрін, тәсілін, жағдайын өзінше түсініп, алған білімін өмірде қолдана алатындай жағдайға оқушыны жеткізуіміз керек.
Лицей-интернат ұстаздары осы үдеден шығу мақсатында қажырлы еңбек етіп келеді. 2014 жылы лицей-интернат «Орта білім беретін үздік ұйым» номинациясын жеңіп алып, 16 миллион теңге қаржылай сыйақыға ие болды. Облыстағы жалпы білім беретін 292 мектеп арасынан үздік шығу дегеніңіз - зор қуаныш, әрі жауапкершілігі жоғары іс.
Бүгінгі семинардың мақсаты – білім беру жүйесін жаңарту, жаңғырту кезеңінде жаңашыл ұстаздардың іс-тәжірибесін ұстаздарға үлгі ету.
Лицей-интернатта 34 мұғалім қызмет етеді. Олардың орташа жасы – 31 жас. Мұғалімдер ізденісі, жаңа технологияны меңгеру қабілеті өте жоғары. Отандық және әлемдік озық іс-тәжірибені сабақ үдерісінде тиімді пайдалана алады.
Елбасымыз «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» стратегиясында: «Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр»,- деген болатын. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуі қажеттігін баса айта келіп, оқушыларды сындарлы ойлауға, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығына үйретуді тапсырды. Осылайша отандық білім берудің алдына жоғары талап қойды. Қазақстандық мектептердің түлектері өз білімін шетелдік жоғары оқу орындарында жалғастыра алатындай болуы қажеттігін қадап айтты.
Білім берудің маңызды стратегиялық міндеті бір жағынан үздік қазақстандық білім дәстүрлерін сақтау болса, екінші жағынан мектеп бітірушілердің халықаралық біліктілік сапасын, лингвистикалық білімін жетілдіру болып отыр.
Бір халықтың мәдениетін басқаларымен салыстыру арқылы ғана, әлем суретін әр алуан әрі тұтас көруге мүмкіндік болады. Жер бетінде өмір сүріп жатқандардың 1,5 миллиарды ағылшын тілін меңгерген. Бұл тіл әлем бойынша халықаралық қарым-қатынас тілі екені де анық. Сол себепті ағылшын тілін меңгеру – заман талабы.
Бүгінгі семинарда халықаралық деңгейдегі тіл болып есептелетін – ағылшын тілінен 1 сабақ көрсеткенді жөн деп шештік. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері Оксфорд, Кембридж университетінің арнайы курстарынан өткен. Тіл меңгертудегі әлемдік озық іс-тәжірибені көрсете алады деген сенімдеміз.
Сондай-ақ семинар барысында сіздерге жаратылыстану бағытындағы пәндер бойынша, атап айтсақ, химия, биология, информатика пәндері бойынша жаңа технологияға негізделген сабақтардың үлгісі көрсетіледі. Сабақ барысында iPAD технологиясы бойынша жұмыстар жүргізіледі. Елбасы Жолдауында айтылған «Мобильді, мультимедиялық, нано және ғарыштық технологияларды робот техникасы мен гендік инженерия салаларын» зерттеуге лицей оқушылары өзіндік үлес қосады деген сенімдеміз. Себебі лицейде оқушылар TRACK3r, EV3RSTORM, SPIK3R, GRIPP3R роботтарымен жұмыс жүргізуде. Бүгін сіздерге осы роботтарды бағдарламалау жұмыстары көрсетіледі.
Қорыта айтар болсам, лицей-интернаттың үздік ұжым атануының сыры – жаңа технологияға негізделген сапалы білім мен саналы тәрбие берілуінде. Бүгінде лицей-интернат жалпы халықтың ілтипатына бөленіп, құзырлы орындардың жоғары бағасына ие болуда. Лицей-интернат дарынды, ой-өрісі жаңашыл, дүниетанымы жоғары, бәсекеге қабілетті, шығармашыл тұлға қалыптастыруда. Лицей түлектері – оның айқын дәлелі.
Бірнеше тіл білгендіктен, лицей түлектері шет елдердегі жоғары оқу орындарында білім алуға мол мүмкіндік алады. Қазіргі таңда Малайзия, Қытай, Англия, Түркия, Ресей мемлекеттерінде оқып жатқан лицей түлектері халықаралық стандарттарға сай білім алып, замана көшін бастайтын азаматтар боларына сенімдіміз. Білім мен технология дәуірінде өркениетті елдердің білім беру үрдісіндегі алдыңғы қатарлы, озық әдістемені өзімізге тәжірибеге енгізу, халықаралық білім стандартына сай оқыту үрдісін дамыту біздің негізгі мақсатымыз болып отыр.
Н.Ә.Назарбаев: «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыған жастар бүкіл елдің локомативіне айналады",-деген болатын. Расында, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елдерде білім алған жастар еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына өзіндік үлестерін қосып, ел игілігіне қызмет етуде. Солардың бірі лицей түлегі А.Болатбаева Лондон университетін бітіріп, Назарбаев университетінде оқытушылық қызмет атқарса, лицей түлегі Ш.Сақтағанова Нью-Йорг университетін бітіріп, қазіргі таңда “Медтроник В.В.” компаниясында техникалық кеңесші қызметін атқаруда. Сондай-ақ лицей түлегі Ж.Тасмамбетова осы бағдарлама бойынша Колорадо университетінде білім алуда.
Түлектер туралы сөз қозғағанда, ҰБТ еріксіз еске түседі. Лицей түлектері ҰБТ-да өте жақсы нәтиже көрсетіп, облыс мерейін үстем етіп келеді. 2013-2014 оқу жылында облыста 1-орында, республикадағы 30 қазақ-түрік лицейлерінің арасында 5-орында тұрды. Лицей түлектері ҰБТ-дан босатылған халықаралық ғылыми жоба жеңімпаздарын есептемегенде, 100 пайыз қатысады.
Лицей шәкірттері соңғы 5 жылда Америкада, Бразилияда, Азербайжанда, Грузияда, Түркияда өткен халықаралық ғылыми жоба байқауларында шашаларына шаң жуытпай, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, Қазақстанның көк байрағын халықаралық аренада желбіретіп, 9 «Алтын медаль», 7 «Күміс медаль», 16 «Қола медаль» иеленді.
Лицей түлектерінің 13-і ғылым магистрлары атағын алған. Қазіргі таңда 7 түлек шет елдің, 5 түлек Қазақстандағы жоғары оқу орындарының магистратурасын оқуда. Бұл лицей түлектерінің ғылымға ден қойғандығының дәлелі.
Әлемдік өркениетке сай, бәсекеге қабілетті, рухы мықты жастарды тәрбиелеуді басты мақсат еткен лицей ұстаздары уақытпен санаспай қажырлы еңбек етуде.
Лицей-интернатттың педагогикалық ұжымы желілік қауымдастық орнатып, әріптестеріне әдістемелік көмек көрсетуге де әрқашан дайын. Деңгейлік бағдарламаны меңгерген мұғалімдер әріптестік көмектің, бірлескен жұмыстың маңыздылығын жете түсінген сияқты. Лицей ұстаздары желілік қауымдастық арқылы облыс, республика деңгейінде әріптестерімен байланыс жасауда. Мұғалімдер қауымының ұжымдасып жұмыс істеуі - олардың кәсіби шыңдалуына зор мүмкіндік береді.
Құрметті әріптестер! Бүгінгі семинар барысында біз сіздерге өз іс-тәжірибемізбен бөлісіп, сіздер тарапынан айтылатын ұсыныс-тілектеріңізді қабыл алуға дайынбыз
№10 дарынды балаларға арналған Қызылорда облыстық қазақ-түрік лицей-интернатында ата-аналар мен ұстаздар арасында ІІ тоқсан қорытындысы бойынша педконсилиум болып өтті. Шараға келген ата-аналар өз балаларына сабақ беретін пән мұғалімдерімен жүздесіп, олардың білім деңгейі, әр жазба жұмысының нәтижелері мен тоқсан қорытындылары, балаларының мінез-құлқы туралы пікір алысты. Ұстаздар өз тарапынан алдына келген әр ата-ананың сұрақтарына жауап беріп, баласының сабаққа ынта-ықыласы, қызығушылығы, жауапкершілігі т.с.с. мәселелер туралы да пікірлерін білдірсе, ата-аналар проблемалық мәселелері, өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына жауап тапты.
Екіжақты түсінушілікпен өткен педконсилиум оқушылардың білім-білік дағдыларын жетілдіру, оқу мен оқыту үдерісін жақсарту, білім сапасын арттыру мақсатына құрылды. Ата-аналар дәстүрге айналған осынау шараға ризашылықтарын білдіріп тарасты.
№10 Қызылорда қыздар лицейі
Жуырда ғана Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған Рауан Кенжеханұлы білім беру ұйымдарымен танысу жұмысын №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатынан бастады.
Облыстық білім басқармасының басшысы Байқадамов Наурызбай Сейітқалиұлы облыс әкімінің орынбасарына лицей-интернаттың «Орта білім беретін үздік ұйым» номинациясын иеленіп, көш бастап тұрғандығын атап өтті. Лицей директоры Омаров Бақытжан Шайманұлы келген қонақтарға оқушылардың облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі жетістіктері мен «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары - миллионер ұстаздар туралы зор мақтанышпен айтты. Сондай-ақ лицей-интернаттың материалдық-техникалық базасымен таныстырып, жаңа модификациядағы пән кабинеттері мен зертханаларды, тігін шеберханасын көрсетті.
Бұған дейін Bilim Media Group компаниясының директоры қызметін атқарған Рауан Кенжеханұлының ақпараттық технологияны өте жақсы меңгергендігі байқалды. iPAD технологиясын пайдаланып сабақ өтіп жатқан мұғалімдермен пікірлесіп, қандай бағдарламамен жұмыс жасап жатқандығын сұрады. Қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерін жетік меңгерген облыс әкімінің орынбасары лицей-интернаттың оқу бағдарламасымен, оқу жүйесімен әлі де жақынырақ танысатындығы жөнінде айтып өтті.
№10 Қызылорда қыздар лицейі
№10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының «Жас ұрпақ» ғылыми қоғамы жыл сайын «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығының, «Жас ғалымдар альянсының» ұйымдастыруымен өтетін және де басқа көптеген ғылыми жоба байқауларына қатысып отырады.Сондай-ақ республикалық ғылыми жобалар конкурсының ІІ кезеңінде де лицейдің жас ғалымдары көш бастап тұрды. Қатысқан 15 жобаның 11-і жүлделі орын иеленді. 3 жұмыс - І орын, 1 жұмыс - ІІ орын, 7 жұмыс - ІІІ орын иеленді. Жеңімпаз оқушыларымыз бен пән жетекшілерін жетістіктерімен құттықтай отырып, оларға шығармашылық табыстар тілейміз.
№10 дарынды балаларға арналған облыстық
қазақ-түрік лицей-интернатының
бағдарлы оқыту жөніндегі директор
орынбасары Шамшатова Нұрила
10.10.2014ж. күні Астана қаласында «ҚТЛ аруы» атты қыз сыны байқауы болып өтті. Байқауда 9-11 сынып қыздары бақ сынады.
«Қазақ қызы» мәдени-инабаттылық қыздар институты және «КАТЕV» Халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен бұл байқаудың мақсаты мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, «Қазақстан Республикасының тіл туралы» Заңының орындалуына жастардың қосқан үлесін айқындау, қыздарымызды әдепті, инабатты, ізеттілік, іскерлік негізінде тәрбиелеу және жан – жақты білімді болуға, әсемдік, сұлулық әлемін түсінуге, табиғат сыйлаған қасиеттерінің ашылуына көмектесу, қыздардың біліктілігі мен шеберлігін сараптау болып табылады.
«Мен қазақтың қызымын», «Өнерлінің өрісі кең», «Халқын сүйген-салтын сүйер», «Мен қазақ қыздарына қайран қалам», «Он саусағынан өнер тамған», «Зерделінің ойы озық», «Қыз жат жұртқа жаратылған» тақырыптар бойынша өзара бақ сынасқан 33 арудың ішінде Қызылорда қаласындағы №10 қазақ-түрік лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Әбдісадық Диана топ жарып, І орынды иеленді.
Өз өнері бойынша Сәкен Есенгелдиевтің «Жетім қыздың монологын» оқып, қазақ қызының образын ақын Тұманбай Молдағалиевтің «Әлияның монологы» арқылы көрсеткен Диана өнерімен көпті тәнті етті.
Байқаудың нәтижесі бойынша І орынды иеленген Дианаға 1500000 (жүз елу мың) теңге көлемінде қаржылай сыйлық табыс етілді.
Сонымен бірге жеңімпаз қыз 14.10.2014ж. күні КАТЕВ халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті Абдурахман Сел мырзамен бірге «Қазақстан» ұлттық арнасында тікелей эфирде жүргізілетін «Таңшолпан» бағдарламасына қонақ ретінде қатысып келді.
№10 қазақ-түрік лицей-интернатының ұжымы Диананы шын жүректен құттықтап, жеңімпаз аруға тек жеңіс пен сәттілік тілейді.
Қызылорда қаласы, №10 қазақ-түрік лицей-интернаты
№10 дарынды балаларға арналған Қызылорда облыстық қазақ-түрік лицей-интернаты ұжымына Тәуелсіздік күні қарсаңында тағы да бір үлкен жағымды жаңалық, толағай табыс келді.
Лицейдің оқу мен оқыту үдерісіндегі жаңалықтары, инновациялық технологиялармен жұмыс жасау жаңашылдықтары, білім беру мен тәрбие саласындағы жеткен жетістіктері мен бағындырған белестері, озық идеялары мен әдістері, тәжірибелерін облыс көлемінде таратудағы шығармашылық ізденістері, ғылыми, педагогикалық сараптамалық жұмыстары – барлығы-барлығы ескеріле отырып, облыс әкімдігінің «Үздік ұжым» номинациясын жеңіп алуға қол жеткізілді.
Облыс әкімі Қ.Е.Көшербаев 16 000 000 теңге бөлінген «Үздік ұжым» сертификатын лицей директоры Б.Ш.Омаровқа облыстың білім беру саласы қызметкерлері бас қосқан үлкен форумда өз қолымен салтанатты түрде табыс ете отырып, облыс абыройын асқақтатып, биік белестерді білімдерімен бағындырып жүрген ұжымға ризашылық сезімін білдірді.
Білімі мен бірлігі, берекесі мен ерлігі, пейілі мен парасаты жарасқан ұжымның табыстары таси берсін демекпіз. Ұлағатты ұстаздар, шабытты шәкірттер аман болсын!
№10 Қызылорда қыздар лицейі
Үстіміздегі оқу жылы №10 дарынды балаларға арналған Қызылорда облыстық қазақ-түрік лицей-интернаты үшін жағымды жаңалықтармен басталды. Соның бірі – ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңындағы лицейдің беделін биіктетіп, абыройын асқақтатқан облыс әкімінің сый-сияпаты болды.
«Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім. Елімізде алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдікі», - деп Мағжан Жұмабаев айтпақшы, сол қадірлі орынның иелеріне ұстаздардың төл мерекесінде ерекше құрмет көрсетіліп келеді. Сыр елінде соңғы жылдары «Үздік ұстаз» облыстық конкурсын өткізу дәстүрге айналған. Биыл да бұл жарысқа облысымыздың ең үздік мұғалімдері қатысып, бақ сынасты.
Жалпы, ұстаз – ұлағатты ұлы есім. Ұстаздардың ұлағатын ұлықтау, еңбегіне марапат жасау – игілікті іс. Міне, осындай игілікті істің жарқын үлгісін көрсетіп жүрген Қызылорда облысының әкімі биыл да Ұстаздар мерекесі қарсаңында облыстың үздік педагогтарын марапаттады. Жыл сайын осы мерекеде тағайындалатын облыс әкімінің 1000000 теңгелік сертификатын бұл жолы облыстың 40 мұғалімі иеленсе, соның екеуі біздің лицейдің мұғалімдері. Олар: лицей директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ләззат Исенқызы Микеева мен қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Нағиша Қожаққызы Есбосын. Әріптестеріміз жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар деп танылып, облыс әкімі тағайындаған 1000000 теңгелік сертификатты иеленді.
Лицей ұжымы атынан миллионер ұстаздарымызды шын жүректен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, шалқар шабыт, еңбектеріне табыс тілейміз.
№10 Қызылорда облыстық қыздар лицейі