Биыл Чернобыль АЭС-не 30 жыл толды. Соған орай №10 қазақ-түрік лицей-интернатының денешынықтыру пәнінің мұғалімі А.Утебаева 9Б сыныбында «Чернобыль АЭС-не 30 жыл» деген атпен эстафеталық сайыс өткізді. Сайысты өткізудің пәндік мақсаты – оқушыларға спорттық ойындарды ойната отырып, спортқа деген қызығушылықтарын арттыру, қимыл-қозғалыс біліктілігін арттыру. Салауатты өмір сүруге тәрбиелеу.
Сайыс барысында оқушылар түрлі жаттығулар орындады. Сынып екі топқа бөлініп, додаға түсті. Оқушылар секірме доп, белтемір, доп, теннис ракеткасы, теннис шаригі, кегли, үскірік, скакалка т.б. ойын құралдарын пайдаланып нағыс сайысты көрсете білді.
Сынып ішінен жеңіске жеткен топ лицей директорының «Алғыс хатымен» марапатталды. Сондай-ақ үздік ойын көрсетіп, жарысқа белсене қатысқан оқушылар да марапатталды.
Қызылорда қаласы
№10 қазақ-түрік лицей-интернаты
№10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының география пәнінің мұғалімі Гүлназ Өтегенова халықаралық Су күніне орай «Су сақтаушылар» атты жобасын қолдау мақсатында ІІ халықаралық экосабағын өткізді.
Сабақтың мақсаты - оқушыларда Қазақстанның су қорына деген жауапкершілік қарым-қатынасын қалыптастыру және суды күнделікті пайдалануда үнемдеп жұмсауға әдеттендіру болды.
Сабақ 3 бөлімнен тұрды. «Білім беру» бөлімінде оқытушының әңгімесімен және оқушыларға сұрақ қоюмен жүргізілген «Суды Сақтаушылар» презентациялары көрсетілді. «Су білімпазы атағына арналған үстел ойыны» бөлімінде суға байланысты ойындар ойнатылды. «Материалды бекіту» бөлімінде «Сулы демалыс» үй тапсырмасымен пакетмодтар (қалта кітапшаларын) дайындалды.
Сабақ өте қызықты әрі тартымды өтті. Сабақ соңында жеңімпаз топ марапатталды. Сабақ өткізуші география пәні мұғалімі Өтегенова Гүлназ «PEPSICO» ЭКА Дипломын иеленді.
№10 Қызылорда қыздар лицейі
№10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының оқушылары қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Соның бір айғағы - Қызылорда қаласындағы №12 мектепте өткізілген Қ.Бітібаева атындағы республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне қатысқан 3 оқушының 2-еуінің жеңіспен оралуы.
Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі, академик, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, «Құрмет» орденінің иегері Қанипа Бітібаева атындағы олимпиада 2015 жылдан бері дәстүрлі өткізіліп келеді. Олимпиаданың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының дарынды оқушыларын анықтау, дамыту және қолдау көрсету болып табылады. Негізгі міндеттері – оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті бойынша білімдерін жетілдіру мен тереңдету; патриотизмді, азаматшылдықты дәріптеу, ұлттық мәдениетке, дәстүрлерге деген құрметті дәріптеу; оқушылардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Бұл олимпиадаға 9-11-сыныптың әрқайсысынан үздік деп танылған 3 оқушы да лицейішілік кезеңнің жеңімпаздары ретінде облыстық олимпиадаға жолдама алған болатын. Облыстық кезеңнің нәтижесі бойынша 9-сынып оқушысы Райымбек Жансая жүлделі ІІ орынды жеңіп алса, 11-сынып оқушысы Жұмабек Жанбота ІІІ орынды иеленді. Лицей абыройын асқақтатқан оқушыларымыз бен олардың ұстаздары Қосаева Райхан мен Есбосын Нағишаны құттықтаймыз.
№10 Қызылорда қыздар лицейі
№10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының бір топ оқушысы Алматы қаласының Сүлеймен Демирел университетінде өткізілген Infomatrix-Asia&Pacific компьютерлік жобасынан жүлделі оралды.Әлемнің 30 мемлекетінен оқушы қатысқан халықаралық жобаға лицейімізден 6 оқушы қатысып, 4 оқушымыз жүлделі оралды.
11-сынып оқушылары – Сәбитбек Айдана мен Әбілқасым Ақерке «The fair decision is the key to happiness» тақырыбындағы, Мақұлбекова Айжан мен Тәжмағанбет Жұлдыз «I’m not a slave, I’m a hero of my life» тақырыбындағы фильмдерімен жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Олардың фильмдері әділдік пен ғаламторға тәуелділікке тоқтала отырып, мағыналы мазмұн мен шебер рөльдік ойындары, айтайын деген ойларын фильмге сыйғыза білу шеберліктері үшін ерекше бағаланды. Халықаралық деңгейдегі байқауды бағындырып келген жеңімпаздарымызды жүлделерімен, білім грантын жеңіп алуларымен құттықтап, өмірдегі алар асуларының биік болуына тілектестік білдіреміз.
№10 Қызылорда қыздар лицейі
№10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Татишева Гүлсара Чернобыль АЭС-дегі апатқа 30 жыл толуына орай 10-сыныпта шығармашылық сабақ өткізді.
«Кешегі – апат, бүгінгі – зардап, ертеңгі – азап» тақырыбында өткізілген сабақ барысында мұғалім Чернобыль АЭС-інде орын алған жарылыс зардаптары, осы қасіреттен кейінгі әлем халқын атом электр стансаларының бүгінгі ахуалы әлі күнге дейін алаңдатып отырғандығы туралы айта келіп, биыл осы апаттың орын алғанына 30 жыл толғалы отырғанына байланысты өткізіліп отырған сабақтың мақсатын жеткізді. Әрине, ол тойлайтын мереке емес. Арада осынша уақыт өтсе де, оқиғаның жаңғырығы естен шығар емес. Бірақ, оның салдарын еске алып, оқиғаға жол бермеудің әрекеттерін ескеру керектігі сабақ тағылымы болды.
Сабақ барысында Чернобыль апаты жөнінде деректі фильм көрсетіліп, апат зардаптары туралы әңгімеленді. Оқушылар бұл оқиға төңірегінде білетіндерін топқа бөлініп, постерге түсірді. Жеке зерттеу тақырыптары бойынша жинақтаған материалдары төңірегінде 2 оқушы осындай апаттарды болдырмау жолында бүгінгі таңда Елбасының жасап жатқан еңбегі мен үлесін тілге тиек етті. «Соңғы сөзді мен айтам» әдісі бойынша оқушылар ойтолғау жазып, өз ойларымен бөлісті. «Jeopardy» ойыны арқылы қорытынды сұрақтар қойылып, тақырып төңірегінде алған білім жинақталды.
Чернобыль АЭС-дегі апаттың орын алғанына 30 жыл толуына орай, Чернобыль апатының тарихы, оның салдарын еске алып, оқиғаға жол бермеудің әрекеттерін ескеруді, апат салдарын жоюға аттанған сарбаздардың ерліктерін кейінгі ұрпаққа үлгі етуді мұрат тұтқан сабақ өз мақсатына жетті.
№10 Қызылорда қыздар лицейі
№10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының 10 «Б» сынып оқушысы Мухаметдинова Эльнара республикалық «Жарқын болашақ» олимпиадасынан жүлделі оралды.
Мухаметдинова Эльнара «Жас ғалымдар» бағыты бойынша «Қазақ тіліндегі тұрмыстық лексиканың қатысымдық сипаты» тақырыбын қорғап, ІІІ орынды жеңіп алып, қола медалін олжалады.
Оқушымыз бен оның жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Дәрібаева Гүлнұрды жетістіктерімен құттықтаймыз.
№10 Қызылорда қыздар лицейі
№10 қазақ-түрік лицей-интернатында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «25 қайырымды іс» акциясы жалғасын табуда. Бұл жолы қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пән бірлестігінің мұғалімдері Ш.Қалдаяқов атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық филармониясының әншісі Мұса Розаның ән кешіне барып, мүмкіндігі шектеулі жанға моральдық қолдау көрсетті. «Мұздаған жүректерді еріткен мейірімділік» деп аталатын әншінің жеке кеші қаладағы «Студенттер сарайында» өтті.
Мұса Роза – тағдыр сынына ұшыраған мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарында. Дегенмен де өзіне дарыған өнерді жүрек түбінде тұншықтырмай, халық алдында паш етіп жүр. Розаның таза, тұнық, әсем дауысы кез-келген жанды өзіне баурап алатындай әдемі. Тағдырдың өзіне берілген сынына қаймықпай қарсы шығып, қаталдығына қарсы жүре білген, өнерден өз орнын таба білген Роза Мұса, Тамара Асар сияқты ән өнерінің жұлдыздарын қалай құрметтесек те жарасады.
Кеш барысында әнші Роза патриоттық, лирикалық әндерді шырқап, көрерменді баурай білді.
№10 Қызылорда қыздар лицей-интернаты
№10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатына оқушылар жеңісінің жағымды жаңалығы жетті. Бұл - жалпы білім беретін пәндер бойынша мектеп оқушылары арасында өткізілетін республикалық олимпиадасының нәтижесі. Екі турда өткен білім бәсекесіне еліміздің 16 өңірінен, Назарбаев зияткерлік мектептерінен, О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математикалық және Абай атындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернаттарынан – барлығы 1312 оқушы қатысты, атап айтқанда, жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша - 735 оқушы, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәні бойынша – 577 оқушы. Республикалық додаға біздің лицейімізден білімімен облыстық олимипиададан топ жарған оқушыларымыз қатысып, өз білімдерін сынады.
Жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша республикалық олимпиада 14-19 наурыз күндері Көкшетау қаласында болып өтсе, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша республикалық олимпиада 25-28 наурызда Петропавл қаласында жалғасын тапты.
Жыл бойы дайындалған еңбектерінің нәтижесінде лицейдің 10-сынып оқушылары Жасарал Назерке қазақ тілі пәні бойынша І орын, ағылшын тілі пәні бойынша Жанғабыл Камила мен Төребаева Жансая ІІІ орын,11-сынып оқушысы Жанабай Мәнсия география пәні бойынша ІІІ орын иемденді.
Білімдерімен биікті бағындырған оқушыларымыз бен баптаған ұстаздарын жеңістерімен құттықтаймыз! Болашақта алар асулары, шығар шыңдары биік болсын!
№10 Қызылорда қыздар лицейі
№10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының оқушылары көктемгі каникул күндерінде де лицей атын өз білімдері мен біліктері арқылы облысқа танымал етті. 2016 жылдың 30 наурыз күні Қызылорда облыстық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы 8-11-сынып оқушылары арасында «Ақберен» республикалық байқауының II кезеңін өткізген болатын.
Жас дарындар арасынан шығармашылық қабілеті жоғары, тапқыр да талантты, жан-жақты өнерлі балаларды іздеп табу, кәсіби бағдар беру, табиғи танымдық қабілеттерін айқындау байқаудың басты мақсаты болды. Осы мақсат негізінде байқау номинациялары 6 бағытта қарастырылды. Сайысқа лицеймізден талантты, өнерлі, шешен де тапқыр деп танылған 4 оқушы қатысты. Сол оқушылардың ішінен суырылып, 9-сынып оқушысы Ермек Аружан «Шешендік білгірлік» бағыты бойынша ІІ орын, 10-сынып оқушысы Жұмабек Жанбота «Шығарма» номинациясы бойынша ІІІ орынды иеленіп, айрықша көзге түсті. Жүлдегерлерді жеңістерімен құттықтаймыз!
№10 Қызылорда қыздар лицейі
Қызылорда қаласындағы №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының базасында «Оқу үдерісін жоспарлау мен бақылаудың тиімді әдістері» тақырыбындағы семинар-кеңес өткізілді.
Семинар-кеңеске Алматыдан «KATEV» ХҚҚ-ның жетекші маманы Акзира Гумарова,Астанадан Ибраимова Эльмира және Атырау, Алматы, Тараз, Шымкент, Кентау, Есік, Галакси, Қарағанды ҚТЛ-дан директор орынбасарлары қатысты.
Семинар-кеңестің модераторлары «KATEV» ХҚҚ-ның жетекші маманы Акзира Гумарова мен лицей директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Микееева Ләззат болды.
Семинар-кеңестің алғашқы күнінде «Мамандандырылған білім беру ұйымдарында оқыту ерекшеліктері» тақырыбы бойынша оқу жоспарлары, бағдарламалар, әдістемелік нұсқау хат, орта мерзімді, қысқа мерзімді жоспарлар талқыланды.
«Оқу үдерісін жоспарлау» тақырыбы бойынша лицейдің жылдық жоспары мен лицейдің даму жоспарын жасау тәжірибесі ортаға салынды. Оқу-ісі жөніндегі орынбасардың лауазымдық нұсқаулығы, номенклатура бойынша бекітілген құжаттар тізімі ұсынылды. Шығармашылық шеберхана бөлімінде семинарға қатысушылар «Директор жанындағы кеңес пен педагогикалық кеңес жоспары» мен «Ғылыми-әдістемелік кеңес жоспары» бойынша жоспар жасады.
Мұнан соң «Педагог қызметкерлермен жұмыс: педагог қызметкерлердің сандық-сапалық құрамы, штаттық кесте, педагог қызметкерлерді аттестаттау, педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру жолдары туралы тәжірибе ортаға салынды. Тамыз-қыркүйек айларында шығарылатын міндетті бұйрықтар туралы айтылды.
Семинар-кеңестің 2-күнінде «Оқу-үдерісі мен лицейішілік бақылауды ұйымдастыруды жүзеге асыру нормативтері» тақырыбында лицейішілік бақылау құжаттары, журнал тексеру, дәптер тексеру, сабақтарға және сыныптан тыс жұмыстарға қатысу туралы әдіс алмасылды.
Сонымен қатар, Қатаң есептегі және оқу үдерісіне қатысты өзге де
құжаттар көрсетіліп, оларды жүргізу заңдылығы туралы айтылды.
Семинар-кеңес барысында қатысушылармен тренингтер де ұйымдастырылып, соңында пікір алысу, ұсынымдар жасалды, барлық материалдардың электронды нұсқасы таратылды.
Семинарға қатысушылар семинардың ұйымдастырылу формасына, материалдар мазмұны мен сапасына, лицей жұмысының жоғары деңгейіне оң баға беріп, ризашылықтарын білдірді.
№10 Қызылорда қыздар лицейі
№10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының оқушылары мен мұғалімдері бітіруші түлектердің білімін сарапқа салар Ұлттық Бірыңғай Тестілеу алдындағы пысықтау мен қайталау бөліміне де кірісіп кетті. Бұл жұмыс көктемгі каникул күндерімен тұспа-тұс келді. Осынау жауапты сәтте оқушыларға тың серпіліс пен белсенділік жасауға ықпал еткен көршілес Шымкент пен Тараз қалаларының лицейлерінен оқушылардың келіп, бірге дайындық жасауы болды.
Қызылорда – Тараз – Шымкент оқушыларының ҰБТ-ға дайындық курсы бір аптаға созылып, оған лицейімізден 35 оқушы, Айша-бибі атындағы Тараз қыз балалар лицейінен – 15, №2 Шымкент қыз балалар лицейінен – 15 оқушы қатысты. Олар күнделікті 5 пән бойынша лекция тыңдап, өздері қиналатын сұрақтарына жауап алып, қатемен жұмыс жасады. Күнделікті байқау сынағын тапсырды. Алынған 5 сынақ қорытындысы бойынша, 119,8 орта ұпайымен №10 Қызылорда лицейі оқушысы Төлеген Балжан - І орын, 119,5 ұпаймен осы лицей оқушысы Өткел Мадина - ІІ орын, 116,5 ұпаймен Тараз лицейінің оқушысы Қарабек Гүлжан - ІІІ орынды иеленді. Алғашқы ондықта тұрған оқушылар курс қорытындысы бойынша марапатталды.
Мұндай жұмыс түрінің оң нәтижесі мен пайдасының болғандығын алғашқы байқау сынағындағы орташа ұпай - 103 ұпай болса, соңғы алынған тест қорытындысының орталамасы – 110 ұпай екендігімен де көз жеткізуге болар еді.
Каникул күндері дайындыққа келген оқушылар лицейде ұйымдастырылған сабақтар мен іс-шаралардың жоғары деңгейде өткендігіне ризашылықтарын білдірді. 3 лицейдің оқушылары да бір-біріне оң әсер етіп, әдіс алмасты, білімдерін толықтырды, білгендерін пысықтады, деңгейлерін бағамдады.
№10 Қызылорда қыздар лицейі
№10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатында Наурыз мерекесі ерекше тойланды. Күн мен түннің теңесетін күні, үлкен мен кішінің кеңесетін күні – Наурыз мерекесінде мерекелік шараға жиналған лицей ұжымы, оқушылар мен ата-аналар, алдымен, қазақтың ескі салтымен төс қағысып, құшақ жайып, бір-бірімен амандасып алды. Қыдыр Ата келіп бата беріп, Ұмай Ана шашу шашып, тілек тіледі.
Мұнан соң әр сынып ұлттық нақышта безендірілген өздеріне бөлінген бұрышты таныстырып, қонақжайлылығы мен меймандостықтарын көрсетті. Сондай-ақ, ата-аналар мен оқушылар соңғы жылдары ұмыт болып бара жатқан қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бойынша көріністер, бейнесюжеттер көрсетіп, тұрмыс-салт жырларын шырқады.
Байқау қорытындысы бойынша, 7 «А» сыныбы ет мүшелеп, «Тойбастар» айтып және 7 «Б» сыныбы қымызмұрындық беріп, «Беташар» жасап, І орынды жеңіп алды. ІІ орынды «Көгентүп» дәстүрін көрсеткен 9 «Б» сыныбы мен «Тоқымқағар» дәстүрімен 9 «А» сыныбы, ІІІ орынды «Өңір салу» дәстүрімен 8 «А» сыныбы иеленді. Жеңімпаздарға лицей директоры Б.Ш.Омаров бағалы сыйлықтар мен Дипломдар табыс етті.
Барлық сыныптың Наурыз тойына дайындығы мен ұйымшылдығы, ауызбіршілігі мен мерекелік көңіл-күйлері шараға ерекше өң берді, жақсы әсер қалдырды.
№10 Қызылорда қыздар лицейі
№10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернаты Қызылорда облыстық білім басқармасының қолдауымен өткізілген қазақ-түрік лицейлері оқушыларының «Білім және денсаулық» көрмесіне белсене қатысты. Көрме бірлігі мен ынтымағы жарасқан Ұлы дала елінің ұлы мерекесі – Тәуелсіздіктің 25 жылдығының құрметіне арналып ұйымдастырылды.
Көрменің ашылу салтанатына облыстық білім басқармасының басшысы Б.Сайлыбаев, облыстық оқу орталығы әдістемелік кабинеті КММ директоры С.Асқаров, облыстық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының директоры Қ.Ақышева, сондай-ақ, қала мектептерінің директорлары мен мұғалімдері, оқушылары қатысты. Көрме жұмысын облыстық білім басқармасының басшысы Б.Ә.Сайлыбаев ресми түрде лента қиып ашып, білімдерімен дараланып жүрген лицей оқушыларының жұмысына жоғары бағасын берді, көрме жұмысына сәттілік тіледі.
Көрменің мақсаты - оқушылардың алған білімін практикада қолдана білу дағдыларын қалыптастыру арқылы креативтілік құзыреттілігін дамыту, ғылыми-шығармашылық қабілеттерін жетілдіру болып табылды.
Көрмеде лицейіміздің 50 оқушысы математика, физика, химия, биология, информатика, география, қазақ тілі, орыс тілі, тарих, ағылшын тілі пәндері бойынша ғылыми-практикалық тәжірибелер көрсетіп, танымдық ойындар мен қызықты оқу жаттығуларын өткізді, сондай-ақ, қатысушыларға салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды ақпараттар берді.
Көрмеге қала мектептері мен колледждерінен мыңға жуық оқушы мен мұғалімдер келіп, қызығушылықпен тамашалады. Әсерлерімен бөлісіп, жылы лебіздерін білдірген пікірлерін жазып қалдырды, естелікке суретке түсіру ұйымдастырылды.
№10 Қызылорда қыздар лицейі
№10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицейінде көгілдір көктемнің көріктілеріне арналған «Лицей Аруы-2016» байқауы болып өтті. Көктемнің алғашқы шуақты күні арайын шашып, дүние-әлем дүр сілкініп, тіршілік атаулы жанданып жатқан тұста, жастықтың, әдеміліктің, әдептіліктің символы қырмызы қызғалдақ-қыздардың жан сұлулығын сарапқа салған бұл байқауға 9-10-сыныптан 6 оқушы қатысты. Олар «Мен қазақтың қызымын», «Халқын сүйген-салтын сүйер», «Өнерлінің өрісі кең», «Мен қазақ қыздарына қайран қалам», «Қыз бала – еркем, кестесімен көркем», «Он саусағынан өнер тамған» бөлімдері бойынша сынға түсті.
Байқауға лицей басшылығы мен мұғалімдерімен қатар ата-аналар комитетінен Ибраева Ақмарал, «Қазақ Аруы-2013» конкурсының бас жүлдегері Сыр Аруы Қанатбаева Әйгерім, «Лицей Аруы-2015» байқауының жеңімпазы, 11-сынып оқушысы Өмірзақ Нұрила әділ қазылық жасады.
Байқау қорытындысында жүріс-тұрысы мен өн бойынан ибалылық пен ізеттілік, өнерлілік пен өнегелік озық тұрған 10 «Б» сынып оқушысы Әбіләкім Асыл І орынды жеңіп алып, «Лицей Аруы-2016» атанды. Қазақ Аруы Әйгерім оған лентасын байласа, Лицей Аруы Нұрила ауыспалы диадемасын табыстады.
Сондай-ақ, ерекше өнерлерімен, сахнада өздерін ұстай білу әдебімен, киім үлгісімен, білік дағдыларымен 10 «А» сынып оқушылары Жұмабек Жанбота мен Өзбекбаева Гүлнұр, 10 «Б» сынып оқушысы Имандосова Еркежан да қазақ Аруына лайық екендіктерін дәлелдедеді.
Ал, 9-сынып оқушылары Базарбай Ақерке мен Торғауыт Диана әуелете ән салып, мың бұралып би билеп, саусақтары майысып сурет салып, көпшілік көзайымына айналды.
«Қазақ Аруы» атағының иесі, ақылына көркі сай жерлесіміз, облыстық «Сыр Арулары» продюссерлік орталығының жетекшісі Қанатбаева Әйгерім байқауға қатысқан қыздардың қай-қайсысы да «Сыр Аруына» лайық екендіктерін, жоғары дәрежедегі дайындықтары мен жауапкершіліктерін, жалпы, байқауды ұйымдастыру деңгейінің жоғарылылығын айтып, риясыз ризашылығын білдірді.
Жастық пен жарасымдылықтың, сұлулық пен сымбаттың, тағылым мен танымның мерекесіне айналған байқау оқушылар мен ұстаздар, ата-аналар мен қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
№10 Қызылорда қыздар лицейі
№10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының екі оқушысы Алматы қаласында өткен "Turkce olimpyatlar" байқауына қатысып қайтты. Өзге сайыскерлер арасынан топ жарып, республикалық байқауға жолдама алған оқушылармыз өз өнерлерімен көрермен мен қазылар алқасын тәнті етті. Өлең оқудан сынға түскен Аймышева Жаннұр бірінші орынды жеңіп алса, Жақсылық Айгерім екінші орынға ие болды. Екі оқушымыздың да жетістікке жетуі лицейіміздің абыройын асқақтатты! Жеңімпаздарымызды жүлделі орындарымен құттықтап, алдағы уақытта да оларға шығармашылық табыс тілейміз. Ал, халықаралық байқауға жолдама алған Жаннұрдың әлі де талай асуларды бағындырып, жеңіске жететініне сенеміз!
Тугба Өздемир
Түрік тілі пәнінің мұғалімі
№10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатында қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл толуына орай іс-шаралар жоспарланып жүргізілуде. Соның бірі – облыстық телерадио кешені жариялаған «Жыр алыбы – Жамбыл» байқауына қатысу.
Өмірімен де, шығармашылығымен де екі ғасырды молынан тұтастырып жатқан абыз жырау, жауынгер жыршы, әрі эпик, әрі айтыс ақыны Жамбыл атамыздың өлеңдерін жатқа айтқысы келген оқушыларымыздың арасынан екі оқушы топ жарды. Олар: 7-сынып оқушысы Мұханбетжан Дана мен 8-сынып оқушысы Дәуренбек Мереке. Екі оқушының да Жамбыл ақынның бірнеше өлеңін жатқа айтқаны облыстық телеарнаның ақпараттық-танымдық «Жаңа күн» бағдарламасында тікелей эфирден көрсетілді.
Бәйгеге үкілеп қосып отырған қос жүйрігіміздің шашасына шаң жұқпай топтан озып келеріне сеніміміз мол.
№10 Қызылорда қыздар лицейі
№10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатында лицей оқушылары тәрбиешілер күніне өз ілтипаттары мен құрметерін көрсетті. Бұл күні сыныптар жатақхананы және лицей кабинеттерін сәндеді. Жатақханада арнайы таңғы ас жасап, кейін қала ішінде «алтын қорапша» ойнатылды. Кешкі уақытта концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Оқушылар тәрбиешілеріне деген ішкі сезімдерін, алғыстарын өлең шумақтарымен, әндерімен, көрініс және билерімен білдірді. Лицей Парламенті мүшелері тәрбиешілерді биге шақырды және тәрбиешілердің суреттері бар арнайы ыдыстар дайындап, сыйлады.
Оқушылар мен тәрбиешілердің бір-біріне сыйластығы мен құрметін білдіруге арналған бір күнгі шара барлығының жүрегіне ізгі із қалдырды.
№10 Қызылорда қыздар лицейі