Қызылорда облыстық білім беру басқармасының оқу орталығы №10 дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатымен бірлесе отырып «Көптілділік – әлемдік білім беру қауымдастығына кірігудің негізгі шарты» тақырыбындағы облыстық семинарды ұйымдастырды.
Семинардың басты мақсаты: «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарын жүзеге асыру жұмыстарын жоспарлау, жаратылыстану бағытындағы пәндердің ағылшын тілінде жүргізудің алғышарттарын қарастыру; Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайындағы педагог қызметкерлердің кәсіби дамуына ықпал ету; Мұғалімдердің кәсіби қоғамдастығының жұмысын жандандыру; Инновациялық мектептердің тәжірибесіне қолдау көрсету болып табылды.
Семинар жұмысына облыстық инновациялық мектептердің ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері, әдіскерлер, БАҚ өкілдері қатысты. Семинар барысында №10 КТЛ-дің білім көрмесі мен «Macmillan Educaton» баспасының, «Oxford Vision» баспасының презентациясы назарға ұсынылды.
Семинар жұмысын облыстық оқу орталығының директоры С.Қ.Асқаров ашты. №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының директоры Б.Ш.Омаров «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарының жүзеге асырылуы» тақырыбында баяндама жасады.
Мұнан соң ашық сабақтар шеруі басталды. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері Ғ.Ещанов «Conditionals: imaginary situation» тақырыбында, М.Капашев «Movies» тақырыбында жаңа инновациялық әдіс-тәсілдермен сабақ өтіп, ағылшын тілін оқушыларға тиімді үйретудің жолдарын практика жүзінде көрсетті.
Ал, «Macmillan Educaton» баспасының Қазақстандағы Өкілдігінің әдіскері Нәзира Ардабекқызы Құратованың «Inspiring learners, enhancing teaching» тақырыбындағы, Астанадағы «USTAZ» кәсіби жетілдіру орталығының директоры Иманғалиев Нұрлан Қуантайұлы «The New Teachers» атты шеберлік сағаттары қатысушылар үшін құнды білім, білік дағдылары болды.
Әдістемелік шеберханада лицейдің ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері А.Орманова мен Ж.Оңғар KAHOOT жүйесінің тиімділігі мен Еdmodo халықаралық желілік қауымдастығы туралы тәжірибелерін ортаға салды.
Семинарға қатысушылар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірсе, облыстық оқу орталығы семинар жұмысын жоғары деңгейде өткізген №10 қазақ-түрік лицей-интернатының басшылығы мен ұжымына алғыс айтты, сертификаттар табыстады.
№10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатында №3 Кентау ер балалар лицейі педагогикалық ұжымымен іс-тәжірибе алмасу мақсатында «Инновациялық оқыту - интеллектуалды тұлға қалыптастырудың кепілі» тақырыбындағы семинар-практикумы болып өтті.
Тәжірибе алмасу мақсатында келген қонақтарды лицейдің домбыра үйірмесінің оқушыларының орындауындағы күймен шашу шашылып қарсы алынды. Лицей директоры Б.Ш.Омаров қонақтарға лицей ғимаратын таныстырып, семинарды ашып берді. Лицей-интернаттың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Л.Микеева «Озат педагогикалық тәжірибе мен инновация» тақырыбында баяндама жасап, әдіс алмасты.
Әдістемелік шеберханада І деңгейлі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Н.Есбосын «Оқытудың 101 технологиясы» атты таныстырылым жасады. Ал директордың бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасары Н.Шамшатова «Дарынды балаларды зерттеудің тиімді әдіс-тәсілдері» тақырыбында коучинг ұйымдастырса, психолог Г.Қабылбекова«Мен және менің мамандығым» психологиялық тренингін өткізді.
Мұнан соң семинарға қатысушылар ерке Сырдың жағасында орналасқан Қызылорда қаласына саяхатқа шығып, қаланың тарихи орындары мен көрікті жерлерін аралады.
Семинар соңында ұжымын бастап келген №3 Кентау ер балалар лицейің директоры Ж.К.Ушакбаев лицей ұжымына ризашылық сезімін білдіріп, алғыс айтты.
№10 Қызылорда қыздар лицейі
№10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының 7-сынып оқушысы Жұмажанова Ділназ облыстық «Зерде» конкурсынан жүлделі оралды. Оның З.Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабы бойынша зерттеген «Таным мен тағылым тамшылары» атты ғылыми жұмысы ІІ орынды жеңіп алды. Бұл - лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің де жеңісі.
Жалпы, 1-7-сынып оқушыларының зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларын сараптайтын «Зерде» конкурсының мақсаты - балалардың зерттеу қызметінің дағдыларын дамыту, кіші және орта жастағы мектеп оқушыларының интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін ынталандыру болып табылады.
Осы мақсат үдесінен шығып, зерттеген жұмысын жоғары деңгейде қорғап шыққан оқушымыздың алғашқы тырнақалды ғылыми жобасындағы жеңісімен құттықтап, зерттеушілік пен ізденімпаздық жұмыстарына сәттілік тілейміз.
№10 Қызылорда қыздар лицейі
№10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей интернатында 22-27 ақпан аралығында география пәні апталығы болып өтті. Апталықтың алғашқы күні 7-8 сыныптар арасында «География білгірі» танымдық ойыны өткізілді. Сайыс қорытындысында 7 «А» сынып оқушысы Қадырова Дильназ «География білгірі» атанды. Апталықтың екінші күні «Материктер жөнінде не білеміз?» тақырыбында сайыс өткізілді. Сайыста оқушылар өздерінің теориялық білімдерін практикамен ұштастырды. Ойын өте тартысты өтті, қортындысында 7 «А» сыныбы өздерінің білімділіктерімен алға шықты. Ал, 8-сыныптар арасында «Қазақстан - елім менің» тақырыбында сайыс өткізіліп, оқушылар өз елінің табиғаты, табиғат байлықтары, жерін зерттеуге еңбек сіңірген зерттеушілер, картадан географиялық объектілерді анықтап, өз білім-біліктерін ортаға салды.
ҰБТ-ға дайындықты ұйымдастыру мақсатында 10 «А» сыныбында «Гидросфера» тарауын қайталау тақырыбында ашық сабақ өткізілді. ҰБТ-да кездесетін әр түрлі деңгейлік тапсырмалармен Блум таксономиясы негізінде жұмыс жасалды. Апталықтың барлық күнінде «Қызықты география» тақырыбында бейне көріністер, таныстырылымдар көрсетілді. Апталыққа оқушылар белсене атсалысты.
№10 Қызылорда қыздар лицейі
№10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «25 қайырымды іс» акциясы жалғасын табуда.
Бұл жолы көмекке зәру жандарға қаржылай жәрдем беру үшін лицей әкімшілігі қызметкерлері "Қайырымдылық жәрмеңкесін» ұйымдастырды. Олар өз қолдарымен әзірлеген кондитерлік бұйымдарын оқушылар мен мұғалімдерге сатылымға шығара отырып, түскен қаржыны қайырымдылық қорына өткізді.
Гуманитарлық бағыт пен жаратылыстану бағыты пәндерінің мұғалімдері де бұл бастаманы алдағы уақытта жалғастыратын болады. Қайырымды істер легі толастамақ емес.
№10 Қызылорда қыздар лицейі
№10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернаты оқушыларға заман талабына сай үш тілді қатар меңгертуге ерекше мән беріп келеді.
Тілдердің үштұғырлығы саясатының астарында шәкірттеріміздің мемлекеттік тілді білу ғана емес, өркениетті елдермен тереземіз тең болу үшін басқа тілдерді де меңгерту міндеті тұрғанын терең түсінген лицей ұстанымы бүгінгі күні өз нәтижесін беруде. Оның бірі - оқушылардың халықаралық білім бәсекелерінде өз ойларын ағылшынша еркін жеткізу десек, екіншісі – түлектеріміздің жоғары оқу орындарында үлкен жетістіктерге қол жеткізуі.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті лицей түлектерінің біліміне жоғары баға беріп, үнемі қолдау көрсетіп отырады. Университет пен лицей арасында әріптестік келісім шарт та жасалған.
Университет ұжымы жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде беретін маман дайындап жатқандарының көрнісі ретінде хабар дайындауды жоспарлаған. Бұл арнайы хабардың негізгі кейіпкері - лицей түлегі Бану Таңшолпан болды. Жоғары оқу орындары арасындағы республикалық олимпиадаларда биология пәні бойынша бірнеше мәрте жеңімпаз атанып, Президенттік шәкіртақы иеленген шәкіртіміз бүгінде университет мақтанышына айналған.
Университет сұранысы бойынша лицей-интернатта педагогикалық тәжірибеден өтіп жүрген Бану Таңшолпанның сабағы облыстық телеарнаға түсірілді.
Түлегіміздің жетістігі мен университет тарапынан беріліп жатқан оң бағасына ризашылық сезімін білдіріп, лицей директоры Б.Ш.Омаров мырза тілшілерге сұхбат берді.
№10 Қызылорда қыздар лицейі
№10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ–түрік лицей-интернатында ағылшын тілі мұғалімдерінің ұйымдастыруымен әдістемелік тренинг өткізілді.
Тренингте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Қапашев Медет өзі сабағында қолданатын «Қызықты диктант», «Сөздік бәліш», «Жүгірген диктант», «Сиқырлы диктант» т.б. әдістермен бөлісіп, қатысушы мұғалімдердің өздеріне жасатып көрді. Тренингке қатысушылар қызығушылықпен орындап, өз тәжірибелерінде қолданып көруге байлам жасады.
Оңғар Жансая сабақта қолдануға болатын бірнеше ойын түрлерін ұсынып, мұғалімдер ойнап көрді. «Танысу», «Сөздерден мәтін құрастыру» секілді ойын түрлері гуманитарлық бағыт мұғалімдерінен қолдау тапты. Тренинг соңында мұғалімдердің пікірі тыңдалып, кері байланыс жасалды.
№10 Қызылорда қыздар лицейі
№10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ–түрік лицей-интернатында оқушы білімінің сапасы туралы кеңінен кеңес құруды мақсат тұтқан педконсилиум ұйымдастырылды. Дәстүрлі тоқсан соңында қорытынды баға төңірегінде өрбитін педконсилиум жұмысы бұл жолы тоқсан ортасында өзгеше өткізілді. Мұнда басымдық білім сапасына берілді.
Мұғалімдер мен ата-аналар оқушылардың бағасын емес, қай пәннен тереңдетуді, қай пәннің қандай материалына көбірек мән беруді, бала неге қызығады, қай салаға бағыттау тиімді немесе бейім т.с.с. мәселелер төңірегінде ой бөлісті. Жаратылыстану пәні мұғалімдері мен гуманитарлық пәндер мұғалімдерінің екі залға орналасуы да педконсилиумға бөлекше өң берді.
Лицей ата-аналарына балаларының мұғалімдерімен болған осындай жұмыс түрі де ұнаған сыңайлы. Тоқ пейілмен ризашылықтарын айтып тарасты.
№10 Қызылорда қыздар лицейі
№10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатында Тәуелсіздіктің 25 жылдығын ресми атап өтудің тұсаукесеріне арналған «ТӘУЕЛСІЗ ЕЛІМ – ҰЛЫ ДАЛАМ МЕНІҢ!» атты кездесу кеші болып өтті.
Кездесу кешіне «Нұр Отан» партиясының Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, қалалық маслихат депутаты Баекеев Мақсұт Әбдуәлиұлы және Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» Коммуналдық Мемлекеттік Мекемесінің директоры, тарих ғылымының кандидаты Ибраев Уәлихан Серікұлы қатысты.
Лицей оқушылары ата-бабамыздың қандай болғандығын, ұлан байтақ өлкені қалай қорғағанын, бостандықты қалай аңсап, қалай қастерлегенін, кешегі тектілердің ұрпағы екендіктерін ұғынып, тәуелсіздіктің тәу етер қазынамыз екенін қонақтарымыздың мағыналы да мәнді сөздер арқылы тереңірек түсініп, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 институционалды реформасы негізінде нақты 100 қадамды белгілеген Ұлт жоспарымен нақтырақ танысты.
Кеш барысында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына байланысты «25 қайырымды іс» акциясы туралы эфирге шыққан облыстық телеарнаның хабары көрсетілді. Бұл істің эстафетасын Шымкент қазақ-түрік лицей оқушыларына ұсынып, олар тікелей эфир арқылы қабылдады.
Тәуелсіз Елдің көк байрағын көгімізде желбіретер облыс оқушыларына лицей түлектері Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап Үндеу жолдады.
Кеш соңын лицей «Жас ұлан» ұйымының 25 мүшесі «Қазақстан бақытты» хорымен аяқтады.
Қонақтар мен қатысушылар патриоттық сезімге толы, тағылымдық мәні зор кештен үлкен әсермен қайтты.
№10 Қызылорда қыздар лицейі
№10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына «25 қайырымды іс» акциясы бастау алды. Қайырымдылықтың бастауы ретінде «nur.kz» әлеуметтік желісіндегі «Қызылордада егіз мүгедектерді бағып отырған жалғыз басты ана халықтан көмек сұрайды» мақаласы бойынша лицей мұғалімдері мен оқушылары көмек қолын созды.
Мақала мәтіні лицей ұжымын бей-жай қалдырмады. Сондықтан материалдық көмек беруді ұйғарып қана қоймай, облыстың басқа да білім ошақтарына бұрынғы мұғалім болған анаға көмектесуге шақыру үшін облыстық теледидар тілшісі мен операторын да бірге апарып, сұхбат жасатты. Хабардың облыс көлеміне таралуы жоспарланып отыр.
Бегім мен Сезім атты қос сәбиге ойыншықтар мен тәттілер ала барған лицей оқушылары олармен бірге ойнап, көңілдерін бөлсе, лицей басшылары пәтер жалдап тұрып жатқан анаға рухани, материалдық қолдау көрсетіп, лицейдің қаржылай көмегін табыстады.
Бұл игі істердің бастамасы ғана. Лицей жоспарланған 25 істі жалғастыратын болады. Ал «25 қайырымды іс» акциясы эстафета ретінде Шымкент қыздар лицейіне ертең жол тартпақ. Барлық қазақ-түрік лицейлерін қайырымды іс эстафетасын қабылдауға шақырамыз.
№10 Қызылорда қыздар лицейі
Қызылорда облыстық қазақ-түрік лицейлері базасында облыстық білім басқармасының қолдауымен VІІІ республикалық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының облыстық туры болып өтті.
Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және дамыту, облыстың түкпір-түкпіріндегі талантты, дарынды, білімді балаларды анықтап, оларға қолдау көрсету мақсатын көздеген «Жарқын болашақ» олимпиадасының бұл кезеңіне аудандық, қалалық олимпиадалардан іріктелген 70-ке жуық оқушы қатысты.
Олимпиадаға жоғары және орта арнаулы оқу орындарының және облыстық оқу орталығының білікті мамандары қазылық жасады. Олар облыс намысын қорғайтын 5 оқушыны анықтап, республикалық кезеңге жолдама берді.
№10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернаттан аталмыш конкурсқа 7 оқушы қатысып, оның алтауы жеңімпаз атанды. Олар: «Жас ғалымдар» бағыты бойынша 10-сынып оқушылары Жасарал Назерке І орын, Мұхамединова Эльнара ІІІ орын, «Сөз шеберлері» бағыты бойынша 8-сынып оқушысы Жақсылық Ботагөз ІІ орын, «Тілші-әдебиетшілер» бағыты бойынша 11-сынып оқушылары Нұралы Ақбота мен Тян Виолетта ІІІ орын, «Жазушылар» бағыты бойынша 10-сынып оқушысы Жұмабек Жанбота ІІІ орын иегерлері.
Республикалық олимпиадаға жолдама алған жеңімпаздарымызға сәттілік тілеп, Сыр елінің үмітін ақтауға сенім білдіреміз.
№10 Қызылорда қыздар лицейі