Навигация

Новости

Фотогалерея

  • «Ағылшын тілін: Үйрен. Ұнат. Жақсы көңіл-күймен таны!»

    «Ағылшын тілін:  Үйрен. Ұнат. Жақсы көңіл-күймен таны!»
  • №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатында ағылшын тілі апталығының  ашылу салтанаты өтті. Онда оқушылар бағдарламамен таныстырылды. Әр қабатқа ағылшын тілінде қанатты сөздер ілініп, оқушылар жүргенде жаттап, жаңа сөздер үйренді.       2-қабатқа қалаған адам өзінің мұғалімдеріне, достарына, тәрбиешілеріне рақметтерін хат арқылы білдіруге мүмкіндігі бар «Thank you» қорабы қойылды. Ал, «Express yourself» тақтасы қыздар өз ойларын, ішкі сезімдерін, жалпыға айтар хабарларын жазу үшін жасалынды. 3-қабатқа арнайы суретке түсе алатындай мүсіндер, арнайы жазуы бар сөздер қойылды. Бұл жерден лицейіміздің кез-келген өкілі барып суретке түсіп, естелікке ала алатындай жағдай жасалынуда.

    Сондай-ақ, «Ағылшынша сөйлейміз!» белгісі бар логотипті иеленгісі келетіндерге кофе таратылып, жақсы көңіл-күй сыйланды. Апталық жалғасуда...

     

    №10 Қызылорда қыздар лицейі

  • Жазылар естеліктер мен туралы...

    Жазылар естеліктер мен туралы...

    (Ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 85 жыл)

     №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатында  әдеби іс-шара болып өтті. Бұл шара бүкіл ғұмырын өлеңмен өрнектеген ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған еді.

    Халықтың рухани бай әдеби мұрасынан күш-қуат алған Мұқағали - қазақ әдебиетінде ерекше өз үнімен оқшау келген дара тұлға. Ғасырда бір туатын қайталанбас тұлға 1976 жылы 27 наурызда 45 жасында өмірден озды. Қазақтың ақтеректей жайқалған ақиық ақыны биыл тірі болғанда 85 жасқа толған болар еді.

                   Оқушылардың таңертеңгілік жиналысында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері М.Мақатаев туралы айтып, 8-сынып оқушысы Жақсылық Ботагөз ақынға арналған арнауын оқыса, лицей мұғалімі Р.Қосаева ақынның сөзіне жазылған «Фариза» әнін оқушыларға орындап берді.

                   Сондай-ақ, сабақ арасындағы үзілістерде оқушылар М.Мақатаевтың  өмірі мен шығармашылығына арналған сөзжұмбақтарды шешіп, сыйлықтар алды. Ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнероликтерді тамашалап, өлеңдерін тыңдады.

                       Бұдан соң лицей кітапханасында кітапханашы Б.Сағидатова мен қазақ тілі пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен «Жазылар естеліктер мен туралы» атты  әдеби кеш болып өтті. Оқушылар ақынның танымал өлеңдерін мәнерлеп жатқа айтты. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі Р.Қосаева ақынның сөзіне жазылған әндерін орындаса, қазақ тілі пәнінің мұғалімдері ақын туралы жылы естеліктерін ортаға салды.

             Оқушылар мен ұстаздарға рухани байлық сыйлаған әдеби кеш тартымды өтті.

                                                                                        

                                                           №10 қазақ-түрік қыздар лицей-интернаты

  • «Лицей тынысының» «Сүйінші!» нөмері жарыққа шықты

    «Лицей тынысының»  «Сүйінші!» нөмері жарыққа шықты

    №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының «Лицей тынысы» атты газеті жарыққа шықты! Ай сайын шығару жоспарланып отырған басылымның мақсаты – лицейіміздегі күнделікті жүргізіліп жатқан тынымсыз, үздіксіз жұмысымызды көпшілік назарына ұсыну, оқушылардың шығармашылық шабытын шыңдау, лицейдегі жағымды жаңалықтар мен өнегелі  істерді ортаға салу,  озық тәжірибелерді насихаттау, бағыт-бағдарымыз бен алдағы жоспарларымыздан құлағдар ету, ой бөлісу, ортақ мақсат-мүддемізге жұмылдыру, ең бастысы, жоғарыда атап өткеніміздей,  тәрбие құралына айналдыру.

    Болашақ - білімді ұрпақ қолында. Осы орайда, ел Тәуелсіздігінің ертеңгі иесі - жас ұрпақтың білімді, тәрбиелі болуын қалаймыз. Мұның өзі білім беру жүйесіне үлкен міндеттер жүктейді. Енді осы мақсат-мұрат, мүдде-міндет лицейімізде қалай жүзеге асырылып жатқандығын қолыңызға ай сайын тиетін «Лицей тынысы» арқылы танысып отыруға зор мүмкіндік бар.

    Өткенімізге ой жүгіртіп, сараптап, саралай отырып, бүгінімізді бағамдаса, ертеңімізге бағыт-бағдар алса, оқырман сұранысына ие болып, әр санын асыға күтетін көзайымға айнала алса, газеттің ғұмыры ұзақ болары сөзсіз.

    Олай болса, газеттің алғашқы «Сүйінші» нұсқасын назарларыңызға ұсына отырып, «Лицей тынысының» тарылмауын, редакция есігінің жабылмауын қалаймыз. Газетімізге ұшқыр қалам, шалқар шабыт, биік талғам тілейміз! Ақпараттар айдынына желкенді қайығының ескегін жүрексіне салған «Лицей тынысының» биік толқындарды бағындырар алып кемеге айналуына тілектестік білдіре отырып, сапарың сәтті, жолың болсын демекпіз.

    №10 Қызылорда қыздар лицейі

  • Онлайн сабақ

    Онлайн сабақ

    №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының  география пәнінің мұғалімі Өтегенова Гүлназ  облыс мектептеріне арнап, «Оңтүстік Американың халқы және елдері» тақырыбында онлайн сабақ өткізді. 

    Сабақ барысын облыстың 37 мектебі тыңдап, пікірлерімен бөлісті. Тәжірибелі ұстаздың танымдық материалдарға толы шеберлік сабағы көпшілік  ықыласына бөленді.

     

    №10 Қызылорда қыздар лицейі

  • Білім бәйгесінің жеңімпаздары арамызда

    Білім бәйгесінің жеңімпаздары арамызда

    №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының мұғалімдері мен оқушылары республикалық «Дарын» орталығының қашықтық интернет олимпиадаларына белсене қатысып қана қоймай, жүлделі орындарға ие болып келеді. Соның нәтижесінде,  бүгінгі таңда облыс мектептері рейтингісі бойынша 88,37 ұпаймен ІІІ орынды иемденіп отыр.

    Соның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша, КИО-ға  40 оқушы қатысып, оның 20-сы ІІ турға өткен болса, 5 оқушы жүлделі орынға ие болды. Атап айтсақ, 10 «Б» сыныбының оқушысы Эльнара Мұхаметдинова, 9 «Б» сынып оқушы Тоғжан Амангелді, 8 «Б» сынып оқушысы Ботагөз Асылбекқызы, 7 «А» сынып оқушысы Жанель Шайық ІІ орынды, ал 8 «А» сынып  оқушысы  Ботагөз Жақсылық ІІІ орынды иемденді.

    Ал «ҰБТ-ға дайындал!» туры бойынша 11 «А» сынып оқушысы Сері Ботагөз жүлделі ІІ орынды жеңіп алды.

    Жеңімпаздар республикалық «Дарын» орталығының «Дипломдарымен»  марапатталды.  Алдағы уақыттарда да қашықтық олимпиадаларға ұйымшылдықпен қатысып, ҚИО ұйымдастырушылары тағайындаған  атаулы шәкіртақысының иелері арамыздан табылуына тілектеспіз.

     

    №10 Қызылорда қыздар лицейі

  • Лицей Парламенті әдіс алмасты

    Лицей Парламенті әдіс алмасты

    №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының оқушылар Парламентінің белсенділері Шымкент лицейіне әдіс алмасу мақсатымен семинарға қатысып қайтты. Қызылорда,  Шымкент, Тараз қалаларының қазақ-түрік лицейлелері өткізген семинары оқушылар үшін үлкен пайдасын тигізді.

    Семинардың алғашқы күнінен-ақ, Шымкент қыздар лицейі өз қонақжайлылығын көрсетті. Бұл семинармен қатар, лицей парламентін этномузейге апарды. Семинардың екінші күнінде Қызылорда қазақ-түрік лицей-интернатының мұғалімі Оңғар Жансая өзін-өзі басқару туралы мағлұмат беріп, семинарды бастады. Лицейіміздегі игі істер көпшілік көңілінен шықты. Әрбір қаланың өзін-өзі басқару мүшелері осы кезге дейін атқарған жұмыстарымен таныстырып, семинарға қатысушыларды хабардар етті. Түскі астан кейін үстел басында парламенттің мүшелері жаңа идеяларымен бөлісіп, бір-бірімен жақынырақ танысты.

    Екі күнге созылған семинар лицей парламентінің жұмысын одан әрі жандандыруға, оқушылардың жаңа дос тауып, жақын танысуына үлкен көмек берді.

     

    №10 Қызылорда қыздар

    лицейінің оқушылар Парламенті

  • Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде

    Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде

    №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатында «Тұмаудың жұғу жолдары» тақырыбында дәрігерлермен кездесу кеші болып өтті.

    Кездесуге №3 қалалық емхананың эпидемиолог-дәрігері Г. Ильясова,  салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының маманы  А.Сариева және  лицей дәрігері А.К.Дюсекенова қатысты.

    Кездесу кешін ұйымдастырудың мақсаты: оқушылар арасында тұмаудың алдын алу, оқушыларды салауатты өмір сүре білуге тәрбиелеу, жеке бас гигиенасын дұрыс жүргізуге үйрету. Тұмаудың жұғу жолдарын түсіндіріп, сақтану шараларын ескерту.

    Кеш барысында эпидемиолог- дәрігер Г.Ильясова  қаладағы  тұмау ауруының  таралуы  жөнінде мәліметтер айтып, сақтану шаралары туралы да біраз мағлұмат беріп өтті. Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының маманы А.Сариева оқушыларға брошюралар таратып,  пайдалы кеңестер мен мәліметтер берді.

    Оқушылар өздерін мазалап жүрген  сұрақтарын қойып, қажетті кеңес алды.

     

    №10 Қызылорда қыздар лицейі

    ли   Лицей аяжаны: А.Измаханова

  • Көп тілді меңгерген ұстаз

    Көп тілді меңгерген ұстаз
  • №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ещанов Ғалымжан «Көп тілді меңгерген ұстаз»  облыстық байқауының жеңімпазы атанды.

    Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында көп тілді меңгерген ұстаздар арасында (қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі пәні мұғалімдері) «Көп тілді меңгерген ұстаз» облыстық байқау ұйымдастырылған болатын.

    Байқау шарты бойынша облыстың үміткер мұғалімдері «Көптілділік – білім берудің жаңа сатысы» тақырыбында үш тілде эссе жазу; өз пәні бойынша, педагогика, психология, нормативтік-құқықтық құжаттар бойынша тест тапсыру; «Менің шығармашылық шеберханам» тақырыбында өзін-өзі таныстыру және шығармашылық жұмыстарын таныстыру; «Сабақ - оқу үрдісін ұйымдастырудың негізгі формасы» атты  панорамалық сабақ; «Профессионалдық калейдоскоп» педагогикалық жағдаяттарды шешу турларынан сайысқа түсті.

    Ещанов Ғалымжан  өз ойын мәнерлі жеткізе білу, жеке дара өзгешелігі, креативтілігі, жұмысының ғылыми бағыттылығы және өзектілігі, мазмұны, бірегейлігі,  педагогтің жалпы мәдениеттілігі мен эрудициясының болуы, кәсіби шеберлігі мен біліктілігі жөнінен сайыскерлерден оқ бойы озық шықты.

    Байқаудың 5 турынан да озық шыққан ұстаз жүлделі І орынды жеңіп алды.

    Лицейіміздің абыройын асқақтатқан Ғалымжан ағайды жеңісімен құттықтап, шығармашылық табыс, ұстаздық ұстанымының шыңдала беруіне тілектестік білдіреміз.

    №10 Қызылорда қыздар лицейі

  • Жас маманға көмек – заман талабы

    Жас маманға көмек – заман талабы
  •     XXI ғасыр - білімділер ғасыры. Елімізде болып жатқан түбірлі жаңартулар  білім беру жүйесіне де  өз  әсерін тигізіп, білім мазмұнын, оқыту әдістемесін жетілдіру, педагогикалық жаңаша ойлау, тың ізденістерге жол ашу сияқты  мәселелерге ерекше мән беріп  отыр.  Осы орайда барша ұстаздарға, оның ішінде жас мамандарға қойылар талап ерекше екені сөзсіз. Ең алғаш  ұстаздық мамандыққа келген кезде  жас маман  көптеген қиыншылықтарға тап болады. Олардың алдында сабақ беруден бастап оқушымен қарым-қатынас,  жаңа технологияларға  байланысты  көптеген сұрақтар  туындауы мүмкін.  Бұл сұрақтарды шешуде жас мамандарға «Жас мамандар мектебінің» берері  өте көп.

             2016 жылдың 22 қаңтарында   лицейде  директор орынбасары  Н.Шамшатованың ұйымдастыруымен жас мамандарға   коучинг өткізілді. Коучингтің мақсаты - жас мамандардың  кәсіптік шеберлігін жетілдіріп, ақпараттық технологияны қолдануда тың ізденістер мен әдіс-тәсілдерді үйрету. Коучингке  лицейдегі  7 жас маман қатысты. Коучинг барысында жас мамандар сабақтың құрылымына байланысты ұғымдарды анықтап, постер қорғады, ситуациялық сұрақтарға жауап беріп, өз бейімділіктерін анықтау бойынша тест тапсырып, сауалнама сұрақтарына жауап берді.

     

                                                                                      №10 қазақ-түрік лицейі

  • «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының лицейішілік кезеңі

    «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасының  лицейішілік кезеңі

    №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәндері күндерінің   2-күні «Жарқын болашақ» олимпиадасының лицейішілік кезеңіне арналды.

     «Жарқын болашақ» республикалық қазақ тілі олимпиадасы – еліміздегі 14 облыстың және 2 қаланың тіл жанашырларының басын қосатын ерекше сайыс. Осы сайысқа лицей оқушыларын жауапкершілікпен дайындау – әр мектептің абыройлы парызы. Сондықтан лицейішілік кезең сайыстың талаптарына сай 5 бөлімнен тұратын байқау шарттарымен сәйкестендіріліп өткізілді.

    «Поэзия, менімен егіз бе едің?» мәнерлеп оқу байқауына 7-10-сыныптардан 14 оқушы оқушы қатысып, 8«А» сынып оқушылары  Жақсылық Ботагөз, Сакибаева Фариза, Әбдіғаппарова Аида, 7-сынып оқушылары Төлеген Мерей, Мұхамеджан Дана өлең табиғатын сезініп, нақышына келтіріп оқуларымен  ерекшеленді.

    «Мәңгілік Ел тірегі – тіл» эссе жазу байқауында ерекше ой орамдарымен, тілінің көркемдігімен 10-сынып оқушысы Жұмабек Жанбота, 8-сынып оқушылары Серікқызы Нұрай мен Ақберген Ақеркелердің жұмыстары жоғары бағаланды.  

    «Жас ғалымдар» ғылыми жоба қорғау байқауында 10-сынып оқушысы Жасарал Назеркенің жұмысы еркеше ізденісі мен жаңалығы үшін  облыстық жобалар байқауына ұсынылды.

    «Кіл жүйрікте кім жүйрік?» атты тест байқауына қатысқан 16 оқушының ішінен 11-сынып оқушылары Нұралы Ақбота мен Тян Виолетта жоғары ұпай жинап, «Тілші-әдебиетшілер» бьөлімінің облыстық кезеңіне жолдама алды.  

    Тіл мен әдебиет күндері өз жалғасын табуда. Ертеңгі күні оқушыларды тағы да түрлі іс шаралар күтуде...

     

     

    №10 Қызылорда қыздар лицейі

  • ҚАЗАҚ ТІЛІ  – МӘҢІГІЛІК ЕЛ ТІРЕГІ

    ҚАЗАҚ ТІЛІ  – МӘҢІГІЛІК ЕЛ ТІРЕГІ

    №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік  лицей-интернатында  қазақ тілі мен әдебиеті күндері басталды. Пән мұғалімдері алғашқы күнді линейкада жүргізілетін жұмыс түрлерімен таныстырып, оқушылардың орындауындағы күмбірлеген күйдің әуенімен  өз қолдарымен әзірлеген бауырсақтарынан ауыз тигізіп  бастады.

    Мұнан соң «Тіл тапқыры» атты сұрақтар қоржыны ашылып, сұрақтарға дұрыс жауап берген оқушылар төл теңгеміз бейнеленген тәтті дәмдермен марапатталды.

    Сондай-ақ, бұл күні «Ең сауатты оқушы» байқауы өткізіліп, оған әр сыныптан 2 оқушыдан қатыстырылды. Таза, қатесіз, айшықты, көркем жазылған  5 оқушының жұмысы жоғары бағаланып, жұмыстары үлгі ретінде экранға шығарылды. Олар: 10-сынып оқушылары: Әбдімажитова Майра, Өзбекбаева Гүлнұр, 9-сынып оқушысы Қайым Дильназ, 8-сынып оқушысы Бекен Ұлпан, 7-сынып оқушысы Мұрат Назым.

    Оқушыларды алдағы күндері де танымдық, тағылымдық, дамытушылық, ойын-сауықтық шаралар күтуде.

     

    №10 Қызылорда қыздар лицейі

  • Халықаралық  Рақмет күні лицейімізде

    Халықаралық  Рақмет күні лицейімізде

     

             №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатында халықаралық рақмет күні аталып өтті.

     Халқымыз тумысынан кез  келген игі іске, жақсы нәрсеге рақмет айтуды әдетке айналдырған. Ол әдетіміз  әдепке айналған. Қайырымды істің қарымы ретінде осы бір сөзді естісек,  төбеміз көкке екі елі жетпей разы болып қаларымыз жасырын емес. Күнделікті өмірде "рақмет" сөзін жиі қолданамыз, бірақ өзіміз байқай бермейміз. "Рақмет" сөзімен адамдар бір-біріне қуаныш сыйлайды. Бір-бірін қаншалықты сыйлайтындығын дәлелдейді.

         Лицейімізде осынау  рақмет күнінде сынып жетекшілер, тәрбиешілер, оқушылар  үлкен ауызбіршілікпен  ұйымдасып, ерекше сайыс өткізді. Сайыста оқушылар өз өнерлерін жан-жақты көрсетті. Өздерінің бес аспап шәкірт екендіктерін көпшілікке паш етті. Олар дәмді бәліштер пісіріп, өздерінің лицейге алғыстарын, сүйіспеншіліктерін бәліш бетіне өрнектеп көрсетті. Сайыс нәтижесінде әділқазылар 11Б сыныбын 1-орынға әбден лайықты деп, ал қалған сыныптарға орындарды еңбектеріне сай белгіледі. 11 А, 10 А, 10Б, 9А, 9Б сыныптары 2-орынды иеленсе, 8А, 8Б, 7А, 7Б сыныптары 3-орынды иеленді.

    Өздері қолымен әзірлеген дәмділерін бір-біріне сыйлап, рақметтерін жаудырды.

    Осындай игі ісіміз бен рақметіміз таусылмасын, оқушылар!

    Бізбен бірге екендіктеріңіз үшін РАҚМЕТ!

    Лицей оқушылары Парламенті

  • Биікті білімімен бағындырғандар

    Биікті білімімен бағындырғандар

    №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының  оқушылары облыстық пәндік олимиадасының білім биігін бағындырып қайтты. Олай дейтініміз, лицейішілік І кезеңнен өтіп, облыстық олимпиадаға ұсынылған 29 оқушының 17-сі, яғни  59 %-ы жүлделі орындарды иеленді.

    Оның ішінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Орманова Ақерке дайындаған 2 оқушы: Төребаева Жансая мен Жанғабыл Камила; қазақ тілі пәнінің мұғалімі Қосаева Райхан дайындаған Тян Виолетта; орыс тілі пәнінің мұғалімі Еркибаева Бибігүл дайындаған Мұхамеджан Ақмарал І орынды жеңіп алып, лицей абыройын үстем етті.

    Сондай-ақ, 5  оқушы  биология, география, қазақ тілі, физика пәндері бойынша ІІ орынды, 8 оқушы  биология, география, информатика, қазақ тілі, Қазақстан тарихы пәндері бойынша ІІІ орынды иеленді.

    Барлық жеңімпаздарды жеңістерімен құттықтап, республикалық білім додасынан да биіктерді білімдерімен бағындыруларына тілектестік білдіреміз.

     

    10 Қызылорда  қыздар лицейі

  • Жұлдыз таеквондодан жеңімпаз атанды

    Жұлдыз таеквондодан жеңімпаз атанды

    Сыр өңірінде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай  таеквондо-дан республикалық ашық турнир өткізілді.

    Турнир 16-17 желтоқсан күндері аралығында Қызылорда қаласындағы «Еуразия» спорт кешенінде өтті.

    Аталмыш турнирге  Қызылорда қаласындағы №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей интернатының 7-сынып оқушысы Кәрібай Жұлдыз қатысып,  жүлделі І орынға ие болды. Республиканың түкпір-түкпірінен жиналған спортшы қыздар ішінен Жұлдыз топ жарып, жүлдені қанжығасына байлады.

    Лицей ұжымы Жұлдызды жеңісімен шын жүректен құттықтайды. Жұлдыздың алдағы уақытта жұлдызы жанып, биіктерден көрінсін деп тілейміз.

     

                                                                                       Қызылорда қаласы

    №10 дарынды балаларға арналған

    облыстық қазақ-түрік лицей-интернаты

  • Тәуелсіздікке тарту

    Тәуелсіздікке тарту

    №10 дарынды балаларға арналаған қазақ-түрік лицей-интернатында лицей Парламенті Тәуелсіздікке арналған іс-шаралар ұйымдастырды.

    Лицей ұжымы атынан Парламент белсенділері орталық алаңға шығып, Қызылорда қаласының  тұрғындарын Тәуелсіздік күнімен құттықтады.  Олар лицей атынан мерекелік құттықтау қағаздарын және кішігірім тәтті сыйлықтарды үлестірді. Қала тұрғындары лицей ұжымының сыйлығына риза болып, өздерінің алғыстары мен ақ тілектерін айтты. Оқушыларымыз «Мемлекетіміздің жастары қаншалықты патриот?», «Сіз өзіңізді патриотпын деп санайсыз ба?», «Тәуелсіздік мерекесін қалай атап өтесіз?» деген сұрақтар қоя отырып, олардан сұхбат алды. Сондай-ақ, қала тұрғындары  лицей Парламентіне ізгі тілектерін білдірді.    

     

    №10 Қызылорда қыздар лицейі

  • Елімнің бақыты - Тәуелсіздік

    Елімнің бақыты - Тәуелсіздік

    №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатында 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» атты мерекелік кеш болып өтті. Кеш басында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік Толғауы» тыңдалды. Лицей директоры Б.Ш.Омаров лицей ұжымын мерекемен құттықтап, жеңімпаз оқушыларды марапаттады.

    Оқушылар қазақ хандығының 550 жылдығына арналған көрініс көрсетіп,  туған ел, тәуелсіздік туралы ән шырқап, өлең оқыды, би биледі, күй ойнады.

    Лицей Парламентінің Тәуелсіздік күні қарсаңында атқарған жұмыстары туралы бейнетаныстырылым жасалып, Парламент Президенті Жаңабай Мәнсия жеңімпаз оқушыларды марапаттады.

    Кеш соңында «Елім менің» бейнебаяны көрсетілді. Тәуелсіздіктің қадірін бағамдап, еліміздің амандығы, жұртымыздың тыныштығы, халықтың береке-бірлігіне үндеген мерекелік кеш өз мақсатына жетті.

    №10 Қызылорда қыздар лицейі

Жаңалықтар

Лицей туралы мәлімет

  • №10 Дарынды балаларға арналған облыстық "Білім-инновация" лицей-интернаты
    Кызылорда қаласы, С.Бейбарыс көшесі,10
  • (+7724) 22-90-309

Фотогалерея