Навигация

Новости

Фотогалерея

  • Жас ғалымдар жеңіске жетті

    Жас ғалымдар жеңіске жетті

    Қазақстан халқы Ассамблеясының жылын облыс көлемінде атап өту мақсатында 2015 жылдың  21 қазанында «Жас ғалымдар  арасындағы этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісіне арналған ғылыми жұмыстар» байқауы №264  Тәкей Есетов атындағы мектеп-лицейде өткізілді. Жас ғалымдар сайысына Қызылорда облысының және аудан  мектептерінің 9-11-сынып оқушылары тартылды. Сайыста 24 жоба қорғалды. №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатынан 3 оқушы  сайысқа қатысты. Нәтижесінде  9А сынып оқушысы Қандыбек Айжан «Менің елім – Мәңгілік ел!» тақырыбында, 9Б сынып оқушысы Когай Анастасия «Большой путь – маленького народа» тақырыбында ғылыми жоба қорғап, жүлделі 3-орынды иеленді. Жеңімпаз  оқушыларымыз бен пән жетекшілерін  жетістіктерімен құттықтай отырып, оларға  шығармашылық табыстар тілейміз.

     

     

    Қызылорда облысы

    №10 қазақ-түрік лицей-интернаты

  • Волейболдан сайыс өтті

    Волейболдан сайыс өтті
  • Салауатты өмір салтын ұстану -  қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі.   Жан-жақты жетілген, парасатты, мәдениетті, дені сау азамат өсіру отбасының,  жалпы халықтың қасиетті борышы екені баршамызға аян.

    Осы қағиданы жүзеге асыру барысында қазан айының 14-20 жұлдызы аралығында №10 қазақ-түрік лицей-интернатында қыздар арасында волейболдан сайыс өтті. Волейбол сайысын ұйымдастырушы – денешынықтыру пәнінің мұғалімі – Айжан Утебаева. Сайысқа лицейдің 8,9,10 сынып оқушылары қатысты.

    Әр сыныптан құралған командалар өзара жарысқа түсіп, қызықты ойын көрсетті. Командалардың барлығы белсене қатысты. Нәтижесінде І орынды 8Б сыныбы, ІІ орынды 9А сыныбы, ІІ орынды 10А сыныбы иеленсе, 10Б, 9Б,9А сыныптары қалған ІҮ, Ү,ҮІ орындарды бөлісті.

    Нағыз сайыс пен тартыстың керемет үлгісін көрсеткен волейбол сайысы жоғары деңгейде өтті

  • ШАХМАТ - АҚЫЛ-ОЙ СПОРТЫ

    ШАХМАТ -  АҚЫЛ-ОЙ СПОРТЫ

    Шахмат  – ғылыми ақыл-ой және халық шығармашылығы негізінде пайда болған ең танымды да, қызықты  спорт ойыны. Бұл ойынды насихаттау және ерекше ойыншыларды марапаттау жұмысы соңғы жылдары  жоғары деңгейде қолға алынып келеді.

    Қызылорда облыстық  Білім басқармасының ұйымдастыруымен  қаладағы №136 орта мектепте  Халықаралық гроссмейстр Дәрмен Сәдуақасов кубогына арналған Х республикалық шахмат турнирінің аймақтық кезеңі болып өтті. Облыстың барлық мектебінен қатысқан турнирге №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының 5 оқушысы қатысты. Оларды денешынықтыру пәндерінің мұғалімдері Г.Татишева мен А.Утебаевалар жоғары деңгейде дайындады.

    Соның нәтижесінде  10-сынып оқушылары   Уәлихан Айжан жүлделі ІІ орынды,  Орынбек Аружан  ІІІ орынды жеңіп алып,  жеңіс тұғырына көтерілді.

    №10 Қызылорда қыздар лицейі

  • Кітап – рухани қазына

    Кітап – рухани қазына

    №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатында оқушылардың әдеби кітап оқуына зор мән беріледі. Оқу жылының басында барлық сыныптарға жыл бойы сыныптан тыс оқылатын әдеби кітаптар тізімі ұсынылып, жыл соңында оқыған кітаптары бойынша тест тапсыратындығы ескертіледі. Тестен жоғары нәтижеге жеткен оқушылар оқыған кітаптары бойынша «Кейіпкерлермен сырласу» дәптерлерін толтырып, ауызша сұхбаттасу турына қатысады. Жеңімпаздарды марапаттау жұмыстары қарастырылып келеді.

    Үстіміздегі оқу жылында да осы жұмыс қолға алынып, үш тілде оқылатын «100 кітап» акциясы старт алды.  Әдеби кітаптарды тауып оқудың да жолдары қарастырылады. Соның бірі  - облысымыздағы іргелі Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы. Оқушыларымыз осы кітапханаға жазылып, кітап оқуды әдетке айналдырған. Соның бір айғағы - облыстық кітапхана ұйымдастырған «Кітапқұмарлар» байқауында облыс бойынша ең көп кітап оқыған лицейіміздің 11-сынып оқушысы  Өмірзақ Нұриланың «Кітапқұмар» номинациясын жеңіп алуы.

    Рухани қазына иесі – Нұрила қызымызды   жеңісімен құттықтап,  білімімен биік белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдіреміз.

  • Саламатты өмір - саламатты ұлт денсаулығының кепілі

    Саламатты  өмір - саламатты ұлт денсаулығының  кепілі

    №10 дарынды балаларға арналған  облыстық қазақ- түрік лицей-интернатында «Саламатты  өмір - саламатты ұлт денсаулығының  кепілі» атты дәрігер мамандармен кездесу кеші болып өтті. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Салауатты өмір салты  мен адамның  өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкершілік қағидаты – денсаулық саласындағы  және  халықтың  күнделікті тұрмысындағы  мемлекеттік саясаттың  ең басты  мәселесі болуы тиіс,» - деп атап көрсеткені белгілі.  Сондықтан лицей дәрігерлері     «Шапағат» жастар денсаулық орталығының  психолог маманы  Искакова Фариза  Асқарқызымен оқушылардың сұхбат құруына мүмкіндік жасады.

    Кездесу мақсаты: Оқушыларды салауатты өмір салтын  ұстануға баулу, жеке бас гигиенасын дұрыс  жүргізуге үйрету, ұлтымызды азғындатып, адамды кісілік қасиеттен  айыратын  зияны әдеттерден  алшақ жүруге үйрету, сақтану жолдарын  баяндау. Оқушылардың өмірге құштарлығын арттыру ,өзара сыйластық пен  ұйымшылдыққа тәрбиелеу.

    Жасөспірім адам денсаулығына жат әдеттерден аулақ болуы керек. Олар - темекі тарту,  спирттік ішімдіктерге, есірткілік заттарға салыну. Жасөспірім шақтың  табиғаты еліктегіш болғандықтан,  жаман, зиянды әдеттерге  бой алдыруы мүмкін.   Сондықтан осындай  әдеттерден  сақтандыру үшін осындай кездесулер  ұйымдастырудың мәні зор.

    Кездесуге келген дәрігер Искакова Фариза Асқарқызы оқушылардың  өздерін мазалап жүрген көптеген сұрақтарына  психолог маман ретінде кеңес берді.  Лицей директорының    оқу ісі жөніндегі  орынбасары Есжанов Ғалымжан  да  қойылған  сұрақтарға  нақты жауап беріп, оқушыларға жылы лебізін білдірді.

    Кездесу кешін лицей дәрігері Дюсекенова Алма апай қорытындылады.

  • Дарынды және талантты балаларды оқыту

    Дарынды және талантты балаларды оқыту

    Кембридж технологиясы бойынша үш айлық курстың «Мектептегі тәжірибе»  кезеңінде жүрген орыс тілі пәнінің мұғалімі Б.Еркибаева лицей мұғалімдеріне «Дарынды және талантты балаларды оқыту» атты тақырыпта  коучинг өткізді.

                Коучинг сабақтарының басты мақсаты - әріптестерді оқыту,  олар арқылы оқушыларды оқыту, оқытудың тиімділігін арттыру, оқушылардың белсенділігін жетілдіру.

             Коучингке тәжірибелі мұғалімдермен қатар жас мамандар қатысты. Ең алдымен,  мұғалімдер өздеріне берілген жапырақтардың түстері бойынша топқа бөлінді. Әр топ мүшелері бір-бірін жақсы тану үшін «Менің әріптесімнің қандай жақсы қасиеттері бар?»  деген тақырыпта өзара сөйлесті. Б.Еркибаева  «Дарынды және талантты оқушыларды қалай ажырата аламыз?» деген сауал төңірегінде  түсінік беріп өтті. Бұдан соң мұғалімдердің пікірлерін сұрады. «Дарынды және талантты оқушылар дегеніміз кімдер?»   тақырыбы бойынша ұстаздар постер қорғады және әр топ келесі топтың постерін бағалады.  Сондай-ақ,  сабақ барысында «Шығыс базары» әдісі бойынша сергіту сәті өтті.

             Коуч Б.Еркибаева дарынды және талантты оқушылардың бес түрлі ерекшелігі болатындығын, оны шетел ғалымдары Маклпайк және Ридтердің дәлелдегенін айтып өтті.

                Коугинг барысында түрлі әдіс-тәсілдер көрсетілді, дарынды және талантты оқушылармен қандай жұмыстар жүргізу керектігі жөнінде мұғалімдер өзара пікір алмасты. Соңында коуч Б.Еркибаева ұстаздардан кері байланыс жасау мақсатында рефлексия алды.

  • «Бала би» шешендік өнер сайысы

    «Бала би»  шешендік өнер  сайысы

    №10 дарынды балаларға арналған Қызылорда облыстық қазақ-түрік лицей-интернаты қыздары тағы бір облыстық деңгейде өткізілген байқауға ұйымшылдықпен қатысып, өз білім-біліктерін ортаға салды.  Бұл жолы Қызылорда облыстық ішкі саяхат басқармасы, Қызылорда облыстық «Жасұлан» ұйымының ұйымдастыруымен Абай  Құнанбаевтың 170 жылдығына арналған «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе...» облыстық «Бала би» шешендік өнер сайысы еді.

    Аталмыш шараның мақсаты жасұландардың шығармашылық қабілеттерін арттыру, балалардың бойындағы ақындық, шешендік өнерге деген қызығушылықтарын арттыру, эстетикалық талғамын, танымын дамыту болды.

         Шешендік өнер сайысына  облыс бойынша  30 оқушы қатысты. Олар төмендегі байқау шарттары бойынша сайысқа түсті:

    1. «Әнді сүйсең, менше сүй ....,» Абай өлеңдерінен окопелла
    2. «Өлең сөздің патшасы...» Абай  өлеңдерін ең көп мәнерлеп оқу сайысы
    3. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін...» жас ақындар мүшайрасы
    4. Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығынан сұрақтар

    Біздің лицей оқушыларынан 7-сынып оқушысы Алеудин Бибіайша «Әнді сүйсең, менше сүй!» кезеңі бойынша «Желсіз түнде жарық ай» әнін айтса,«Өлең сөздің патшасы....»кезеңінде 7-сынып оқушысы Еменова Гүлдана ақынның 25 өлеңін жатқа оқыды, ал«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін...» жас ақындар мүшайрасында 8-сынып оқушысы Жақсылық Ботагөз өзінің «Абайға арнау» өлеңімен көпшілік көңілінен шықты.

    Шешендік өнерге бейімділіктері мен ақындық қабілеттерін көрсете білген оқушыларымызға «Алғыс хаттар» табыс етілді.

  • Ғылыммен әлемді бағындырамыз!

    Ғылыммен әлемді бағындырамыз!
  • №10 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатында  жаратылыстану пәндерінің ғылым апталығы болып өтті. Апталық барысындағы  «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік  сайысы 7,8 және 9-сыныптар арасында биология, физика, химия пәндерінен викториналық видеосұрақ түрінде өтілді. Әр сыныптан 3 оқушыдан тұратын команда қатысып, 7Б, 8А және 9Б сыныптары жеңімпаз атанды.

    «Кім білгір?» тапқырлар сайысында 3 пәннен барлық сынып оқушыларына арналған әр түрлі деңгейдегі сұрақтар құрастырылып, стендке ілінді. Қорытындысында ең алғаш болып жауаптарды тапқан 10А сынып оқушысы Жапарқызы Назерке марапатталды.

    «Кахут» олимпиадалық ойыны оқушылар үшін қызықты ұйымдастырылды. 10-сыныптар арасында Ipad планшеттік құрылғылар арқылы 3 пәннен онлайн ойын жүргізілді. Бұл ойында білімділігі мен шапшаңдығы арқылы 1-орынды Абдимажитова Майра мен Төребаева Жансая, 2 – орынды Әбшекен Нұршат пен Исабек Айерке, 3 – орынды Уалихан Айжан мен Әбдімұрат Назгүл иеленді.

    «Сыныптарды безендіру» сайысында әр сыныпқа әр түрлі тақырып бойынша сыныпты безендіру тапсырмасы берілді. 7-сыныптар «астрономия», 8 – сыныптар «периодтық кесте», 9-сыныптар «бау-бақша» тақырыптары бойынша өз араларында жарысты. Нәтижесінде, 7А және 7Б, 8Б және 9Б сыныптары ерекше көзге түсті.

    Ғылым көрмесінде барлық сынып оқушылар келген қонақ, мұғалімдер мен оқушыларға 3 пәннен игерген әр түрлі тақырыпта тәжірибелер жасап көрсетті. Көрменің соңында келген барлық адамдарға апталық үшін арнайы жасалған торт таратылды.

    «Жылдам көліктер» жарысы барысында 7, 8 және 9-сыныптар аралығында өздері жасаған механикалық көліктер жарысы өткізілді. Алғырлығы мен жылдамдығы арқылы  көзге түскен 9-сынып оқушысы Мұстафа Әсел           1-орын, 8-сынып оқушылары Жақсылық Ботагөз 2-орын, Тоқшылық Нұрай         3-орынды иеленді.

    Апталықтың білімдік және танымдық жағынан оқушылар үшін мән-маңызы жоғары болды.

  • «Жайдарлы Жасұлан» – көңілді тапқырлар сайысы

    «Жайдарлы Жасұлан» – көңілді тапқырлар сайысы

    Қазан айының 1 жұлдызында облыстық «Жас ұлан» ұйымының ұйымдастыруымен «Жайдарлы жасұлан»  атты көңілді тапқырлар сайысы өтті. Сайыстың тақырыбы «Балалықтың бақшасы» деп аталды. Сайысқа облыстың барлық ауданынан келген 9-11 сынып оқушыларынан құралған 11 команда қатысып, бақ сынасты. Аталмыш сайысқа №10 қазақ-түрік лицей-интернатының  «Жас ұлан»  ұйымының мүшелерінен құралған команда қатысып, жүлделі ІІІ орынды иеленіп қайтты.

  • «Қарттарым – асыл қазынам»

    «Қарттарым – асыл қазынам»
  • №10 дарынды балаларға арналған облыстық  қазақ-түрік лицей-интернаты «Жас ұлан» ұйымының мүшелері  «1 қазан – Халықаралық қарттар күніне» орай «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік  бағдарламамен   қалалық Ардагерлер үйіне  барды.

    «Жасұландықтар» өздерінің арнайы дайындаған өнерлерін паш етті. Балалармен қосылып ән шырқап, би билеген қариялар бірде  жастық шақтарын еске алып, көздеріне жас алса, бірде балаша мәз болып, марқайып қалды. Кеш соңында  ардагерлер  өнерпаз оқушыларға алғыстарын білдіріп, ақ батасын берді. Бата арқалаған балғындар білім ордасына жақсы жігермен,  ерекше әсермен, көтеріңкі көңілмен оралды.

     

     

    Қызылорда қаласы

    №10 қазақ –түрік қыздар лицей-интернаты

  • «ТІЛ - ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ»

    «ТІЛ  - ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ»
  • 22  қыркүйек - Қазақстан халықтарының тілдері күніне орай ұйымдастырылған «ТІЛ  - ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ» атты апталық бірнеше тілдер күніне арналып өткізілді. Апталықтың ашылуында деректі  бейнебаяндар көрсетіліп, қызықты ойындар ұйымдастырылып, оқушылар сыйлықтармен марапатталды.

    16 қыркүйек айында «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» тақырыбында қазақ тілі күні аталып өтілді.  Бұл күні «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» дей келіп, 7-сынып оқушылары мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Есбосын Нағиша  жас тілшілермен бас қосты. Басқосудың басты мақсаты – жас шәкірттердің қаламын ұштау, шығармашылыққа бағыттау, өлең-жырларын, мақалаларын баспа беттерінде жариялау. 11-сынып оқушыларынан  «Қазақ тілі білгірін» анықтау мақсатында тест тапсырмалары алынды. Тест тапсырмалары 25 сұрақтан тұрды. Нәтижесінде 13 оқушы 25 ұпай иеленді.

    «Тіл – ұлттың жаны» тақырыбында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Есбосын Нағиша 8-10-сыныптар аралығында  Тіл әлеміне саяхат-сайыс ұйымдастырды. Сайысқа сынып оқушылары мен пән мұғалімдері атсалысты. Сайыс нәтижесінде оқушылар жұлдызшалармен марапатталса, ал пән мұғалімдеріне номинация берілді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері мына номинациялар негізінде марапатталды:

    1. «Тіл сақшысы» - Байназар Гүләйім.

    2. «Тіл жанашыры» - Қосаева Райхан

    3. «Тіл білгірі» - Дәрібаева Гүлнұр.

    17 қыркүйек күні «В мире словес и чудес» тақырыбында орыс тілі күні  өткізілді. Біркүндік барысында 7-9-сыныптар арасында мәнерлеп оқудан сайыс ұйымдастырылып, 8 «А» сынып оқушысы Сакибаева Фариза үздік оқушы деп танылды. 7-сыныптар арасында брейн-ринг ұйымдастырылып,     7«А» сыныбының оқушылары жеңіске жетті. Сонымен қатар ана  тіл тақырыбында оқушылар шығарма жазды.

    18 қыркүйек айында ағылшын тілі күні “Brain box” интеллектуалды ойынымен ашылды. Ағылшын тілінде әртүрлі ойындар өткізіліп, оқушылар сыйлықтармен марапатталды.Оқушылар ағылшын тілі күнінде белсенділік танытып, ағылшын тілінде өзара сұрақтар мен сөзжұмбақтар жасырып, шешімін жариялап отырды.

    21 қыркүйекте түрік тілі күнінде түрік тілі пәнінің мұғалімдері мәнерлеп оқу мен шығармашылық жұмыстар ұйымдастырды. Нәтижесінде    8«Б» сынып оқушысы Нұрсейіт Ұлбосын мәнерлеп оқудан жеңіске жетті.

    22 қыркүйекте  Қазақстан халықтарының тілдері күніне орай  мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік кеште «Жеті жұрттың тілін біл!» атты отбасылық сайыс өткізілді. Ұлтаралық достық пен отбасылық ауызбіршілік пен ынтымақты көрсету  мақсатында түрлі ойындар ұйымдастырылып, ата-аналардың оқушыларға деген ыстық ықыласы кеште көрініс тапты. Мұнда татар, қазақ, түрік отбасы бақ сынасты. Бұл отбасылар мына номинациялар бойынша марапатталды:

    1. «Білімдар отбасы» - қазақ ұлты,  Мауленовтар отбасы.

    2. «Тапқыр отбасы» - татар ұлты, Хан Ирина отбасы

    3. «Өнерлі отбасы» - түрік ұлты, Тунжер отбасы.

    Сонымен қатар, мерекелік кеште  түрік, ағылшын, қазақ  тілдерінде өлеңдер оқылып, ән-би орындалды. Кеш қызықты әрі тартымды өтті.

     

     

     

    №10 қазақ-түрік қыздар лицей-интернаты

  • «Толағай» - отбасылық сайысы

    «Толағай»  - отбасылық сайысы
  • 2015 жылдың 11 қыркүйегінде Қызылорда қаласындағы №10 дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатында Халықаралық отбасы күніне орай «Толағай» отбасылық сайысы өткізілді.

    Сайысқа лицей табалдырығын биыл аттаған 7-сынып оқушыларының ата-аналары қатысты.

     Лицей директоры Омаров Бақытжан Шайманұлы  сайысты құттықтау сөзімен ашып берді. Би үйірмесінің қыздары би билеп, әнші қыздар әуелете ән шырқады. Әрі қарай сайысқа қатысушы отбасылар ортаға шығып, денешынықтыру пәнінің мұғалімі А.Утебаева сайыстың өткізілу шарттарымен  таныстырып өтті.

    «Спорт – денсаулық кепілі» деген қағиданы ұстанған ата-аналар  жарысқа белсене қатысты. Олар «Эстафеталық сайыс», «Кім жылдам»,  «Ойнайық та, ойлайық», «Қаппен секіру», «Арқан тарту» бойынша  сайысты. Қатысушы 4 отбасы да отбасылық бірлік пен берекенің  озық үлгісін көрсетті.

    Әділқазылар алқасының бағалауы бойынша отбасылар мынадай орындарға ие болды:

    1. Қанатбековтер отбасы – І орын.
    2. Кәрібай отбасы – ІІ орын.
    3. Қаржауовтар және Исаевтар отбасы – ІІІ орын.

    Отбасылар арнайы диломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.  Лицей ата-аналарының арасындағы  дәстүрлі  «Толағай » отбасылық сайысы өте қызықты өткізілді.

     

    №10 Қызылорда қыздар лицейі

  • «Менің Отаным – Қазақстан»

    «Менің Отаным – Қазақстан»

Жаңалықтар

Лицей туралы мәлімет

  • №10 Дарынды балаларға арналған облыстық "Білім-инновация" лицей-интернаты
    Кызылорда қаласы, С.Бейбарыс көшесі,10
  • (+7724) 22-90-309

Фотогалерея